Семейде жекпе-жек сарайының құрылысы жүріп жатқан аумақтан адам сүйектері табылып, құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жердің бетіне шыққан сүйектерді олар кездейсоқ байқап қалған.
Жекпе-жек сарайының құрылысы жақында басталған. Нысан қаладағы ескі стадионның орнында салынып жатыр. Мердігер компания жер қазу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде адам сүйектері табылған. Осыдан кейін құрылыс жұмыстары дереу тоқтатылды.
Семей қалалық полиция басқармасы сүйек қалдықтарының шығу тегі мен жерленген уақытын анықтау үшін сараптама тағайындалғанын хабарлады.
"Табылған сүйек қалдықтары олардың шығу тегін және жерленген уақытын анықтау мақсатында сараптамаға жіберілді. Полиция мұндай жағдайда азаматтарды дереу ішкі істер органдарына хабарлауға және полиция қызметкерлері келгенге дейін өз бетінше ешқандай әрекет жасамауға шақырады", – деді Семей қаласы полиция басқармасының жедел уәкілі Саят Сартов.
Жергілікті тұрғындар аталған аумақ бұрын зират болған болуы мүмкін деген болжам айтуда. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын полиция анықтап жатыр.