Тікелей эфир

Сәбидің қабырғасы сынған. Павлодарда 103 қызметіне қатысты тексеріс басталды

Облыстық жедел жәрдем станциясында бұл шағымға қатысты арнайы комиссия құрылды.

Болған жайт туралы бір жарым жасар баланың анасы Іnstagram әлеуметтік желсіндегі парақшалардың бірінде жазды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz сайты. 

"6 сәуір күні сағат 21:03-те жедел жәрдем шақыра бастадым. Себебі құрысу белгілерінен кейін баламның жүрегі тоқтап қалды. Жедел жәрдем операторы 5 минуттан кейін ғана қоңырауға жауап берді. Мұндай жағдайды ескеретін болсақ, бұл – өте ұзақ. Олар расымен тез жетті. Бірақ қандай науқасқа келе жатқанын біле тұра, жиналмай келген. Оттегі болмады, бұдан кейін шұғыл көмек көрсету үшін қалған құралдарды алуға қайтадан үш рет төмен түсті. Қаншама уақытты жоғалтып алды, – дейді жазбаның авторы. 

Әйел адамның айтуынша, алғашқы көмек көрсету кезінде баланың қабырғасы сынған. Бұған қоса, ауруханаға бара жатқанда бала басымен құлаған.

"Бүгінгі таңда балам ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Жедел жәрдем бригадасының салғырттығына шара қолдануыңызды өтінемін", – деді сәбидің анасы.   


Оқи отырыңыз: Мемлекеттен – 2,5 млн теңгеге дейін. Ана мен балаға берілетін әлеуметтік көмектер қандай?


Облыстық жедел жәрдем станциясында бұл шағымға қатысты арнайы комиссия құрылып, тексеріс басталғанын хабарлады. 

"Біріншіден, бала мен оның анасына денсаулық тілейміз. Тезірек жазылып шықсын! Жедел жәрдем бригадасының әрекетіне баға беріледі. Оның шынымен қабырғасы сынған болып шықты, – деді станциядағылар. 

Станцияда оқиғанын мән-жайын анықтауда. 


Оқи отырыңыз: Павлодарда фармацевт қателігінен уланған баланың жағдайы белгілі болды


Кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы 2021 жылы туған сәбидің облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады

"Екі жақты жіті полисегментальды пневмония диагнозына байланысты жағдайы тұрақты және ауыр. Сондай-ақ церебральды сал ауруы, симптоматикалық эпилепсия, конвульсиялық синдром диагноздары қойылған", – дейді басқармада.

Бұған қоса, баланың сегізінші қабырғасының сынғаны анықталды. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары