Тікелей эфир

Қызылордада 40 жекеменшік балабақша жабылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалмақ

Құрылтайшылардың айтуынша, кәсіпкерлер қаржыландыруды тоқтатқан.

Қызылорда қаласында 40-қа жуық жекеменшік балабақша жабылып қалудың алдында тұр. Білім бөліміндегілердің айтуынша, кәсіпкерлер қаржыландыруды тоқтатқан, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

"Балабақша ғимаратының құжаттары сай емес, сол үшін қаржыландыруды тоқтаттық” деген білім бөлімінің ескерту хаты кәсіпкерлердің төбесінен жай түсіргендей болыпты. Айтуларынша, мемлекеттен қаражат бөлінбесе, тәрбиешілер жалақысыз қалып, бүлдіршіндерді ас-ауқатпен талапқа сай қамту мүмкін емес. Яғни 40-қа жуық жекеменшік балабақша жабылады, мыңдаған қызметкер жұмыссыз қалады. Өйткені тек ата-аналар төлейтін ақымен бөбекжайдың жұмысын үйлестіру өте қиын.

"Біз осы қаражатқа ғимараттың жалға алу құнын төлейміз. Оның үстіне, бізде әлеуметтік аз қамтылған отбасылар көп. Солардың балаларын тегін тәрбиелейміз. Мемлекет бізді осылай қыспаққа алса, біздің жұмыс істеуге жігеріміз де қалмайды. Таратқан хаттары барып тұрған заңсыздық", – деді жекеменшік балабақшаның құрылтайшысы Динара Әмірқызы. 


Оқи отырыңыз: Елордадағы "Еркетай" балабақшасында тәрбиешілер баланы әжетханаға қамаған


Құрылтайшыларға бұған дейін ғимараттарды кәсіпкерлік нысан ретінде тіркеу туралы ескерту болмаған. Оның үстіне балабақшалардың жұмыс істеуіне санитар мамандар, өрт сөндіру қызметі рұқсат берген. Сондықтан кәсіпкерлер білім бөлімінің жыл басында жасалған келісімшартты жарты жолдан неліктен бұзғанын түсінбейді.

Кезінде "Балапан" бағдарламасымен барлықтарының нысанасына қарамай балабақшалар ашылсын деді. Біз аштық. СЭС рұқсатын алып отырмыз. Кәсіпкер ретінде барлық салықты төлеп отырмыз. Енді 1-сәуірден бастап сіздердің қаражаттарыңыз тоқтатылады деді. Ақылға да, заңға да сыймайды", – деді жекеменшік балабақшаның құрылтайшысы Гаухар Сәулебаева. 

Ал білім бөліміндегілер балабақшаларға хат жіберілгенімен, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату туралы нақты шешім қабылданбады деп отыр. Алайда шенеуніктер сұхбат беруден бас тартқан. 

Серіктестер жаңалықтары