Қазақстанда кей жекеменшік балабақшалардың ақысы бір балаға 45 мың теңгеден басталады. Одан жоғары ақы сұрайтын балабақшалар да бар. Осындай жекеменшік балабақшалар тәрбиешілерге жоғары айлық төлеуге міндетті ме? Оқу-ағарту минитстрлігі оларға осындай талап қоя ала ма? Журналистер бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ерте жастағы балаларды дамыту институтының директоры Манара Адамовадан сұрады.
"Жеке балабақшаларға біз оны міндеттей алмаймыз. Себебі олар өз қаражатын өзі бөліп, реттеп отырады. Егер мемлекеттен тапсырыс алатын балабақша болса, тапсырысқа қатысты жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары болуы мүмкін. Бірақ, көбіне олар келісімшартта ата-аналардан алатын үстемақыға қандай қызмет түрлерін көрсетуді ұсынады? Қосымша қандай да бір үйірмелері бар ма, әлде балалардың денсаулығына қатысты қосымша бағдарламалармен жұмыс жасай ма? Яғни, қандай нәрсе ұсынады, сондай қызмет көрсетеді", – деді Манара Адамова.
Сондай-ақ, институт директоры жұмыс тәртібі, қауіпсіздік және санитарлық нормалар барлық балабақшадан бірдей талап етілетінін еске салды.
Оқи отырыңыз:
- "Жыл сайын 25% артады". Балабақша тәрбиешілері қанша жалақы алады?
- Мемлекет балаларды 2 жастан бастап алатын балабақшаларға қолдау көрсетеді
Бұған дейін Қазақстандағы балабақша тәрбиешілерінің орташа айлығы туралы жазған едік. Манара Адамованың айтуынша, бүгінде мектепке дейінгі білім беру ұйымында 5 жылға дейінгі еңбек өтілі және ең төменгі ІІ санаты бар педагогтің орташа айлығы – 164-172 мың теңге. Ал тәжірибесі жоқ, жұмысқа жаңа орналасқан мамандардың орташа айлығы 94-120 мың теңгенің айналасында болады.