Қазақстанда тұңғыш рет құрылған Құрылтай депутаттары қарауына 53 заң жобасын қабылдап алды. Бұл туралы Құрылтайдың ресми сайтындағы мәліметтен білуге болады.
Әзірге олардың басым бөлігі Құрылтайдың комитеттері арасында бөліне қоймаған.
Сайттағы тізімге сәйкес, заң жобаларының қатарында "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы", "Сот әкімшілігі туралы", "Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау туралы", "Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы" және өзге де заң жобалары бар. Толық тізімді Құрылтайдың сайтынан көруге болады.
Еске салайық, Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай қазір депутаттардың алдында жасанды интеллект пен цифрлық активтерді дамыту, көші-қон саясатын жетілдіру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау, энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және баламалы энергетиканы өркендету, сондай-ақ онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттеу мәселелері бойынша жұмыс жүргізу міндеті тұрғанын айтқан болатын.
Құрылтай жұмысының күн тәртібіне кітапхана ісі мен кітап басып шығару саласын дамыту, жаңа мемлекеттік наградалар – "Шәмші Қалдаяқов" медалін және "Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі" құрметті атағын заңнамалық тұрғыдан бекіту мәселелері де енгізіледі. Алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті қарау да жұмыстың жеке бір бағыты болмақ.
Сондай-ақ Айбек Дәдебай парламенттік бақылаудың тиімділігін арттыру, депутаттардың халықпен тұрақты байланысын қамтамасыз ету және "E-Parliament" жүйесін жедел енгізу қажеттігіне назар аударды.
Аймағамбетов, Шапақ, Ахмедиев. Құрылтай комитеттерін кімдер басқарады
Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болып тағайындалды