Астанада І шақырылымдағы Қазақстан Құрылтайының бірінші отырысы өтіп, жасырын дауыс беру барысында депутаттар президент ұсынысын бір ауыздан қолдады.
Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы қызметіне тағайындалды.
Мемлекет басшысы Құрылтай Төрағасының лауазымына Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынған болатын. Президент депутаттардың бұл тұлғаны жақсы білетінін, оның мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етіп, мол тәжірибе жинақтағанын жеткізді. Сонымен қатар оның өзін білімді, отаншыл әрі адал азамат ретінде нақты істерімен дәлелдегенін айтып, бұл лауазымға толықтай лайық екенін білдірді. Сөзін түйіндей келе, Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарынан Айбек Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұрады.
Отырыс барысында депутаттар жаңадан құрылған заң шығарушы органның басшылығын айқындау мәселесін қарастырып, "Әділет" партиясының көшбасшысы Айбек Дәдебайдың кандидатурасын көпшілік қолдады.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Құрылтайдың мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі мен жаңа құзыреттерін атады
Айбек Арқабайұлы Дәдебай 1980 жылы 1 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген.
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынасар және әлем тілдері университетін халықаралық құжаттанушы мамандығы бойынша бітірген. Осы оқу орнында аймақтанушы бағыты бойынша магистратураны аяқтаған.
Екінші класты кеңесші дипломатиялық рангіне ие.
Еңбек жолы
- 2001-2002 жылдары Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің халықаралық туризм менеджменті кафедрасында оқытушы болды;
- 2008-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының Парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің сарапшысы, Сенат Төрағасы көмекшісінің міндетін атқарушы қызметтерін атқарды;
- 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасының Женева қаласындағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілдігінің атташесі, үшінші хатшысы лауазымында жұмыс істеді;
- 2013-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, Хатшылық меңгерушісі болды;
- 2019-2021 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары болып еңбек етті;
- 2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары лауазымын атқарды;
- 2022-2024 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы қызметінде болды;
- 2024-2026 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы лауазымын атқарды;
- 2026 жылдан бастап Әділет саяси партиясының төрағасы болып сайланды.
Мемлекеттік марапаттары
I дәрежелі Барыс орденімен, Құрмет орденімен және Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталған.