Тікелей эфир

Қудалау және ұсақ бұзақылық жасағандар қоғамдық жұмысқа тартылады

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарын бұзуға жол берген қоғамдық жұмыстардың орындалуын бақылау әкімдіктерге жүктеледі.

«Қоғамдық жұмыстарға тарту» жаза түрін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (ӘҚБтК) енгізу жоспарлануда. Тиісті нормаларды Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады.

Әділет министрі Азамат Есқараев атап өткендей, түзетулерді екі негізгі бағытқа бөлуге болады:
«қоғамдық жұмыстарға тарту» әкімшілік жазаның жаңа түрін реттеу және оны орындау механизмін айқындау;

Әкімшілік-деликтік заңнаманы одан әрі жетілдіру.

Бүгінгі күні қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны қолдану қылмыстық заң шеңберінде бар. Құжатқа сәйкес, бұл жаза түрін қолданыстағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізу ұсынылып отыр. Ұсақ бұзақылық (434-бап), алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу (440-бап), қоғамдық орындарда тиісу (449-бап) және тағы басқалар сияқты тоғыз бап бойынша қоғамдық жұмыстарға тарту көзделген.

Бұл ретте, жазаны орындауды әкімдіктерге тапсыру ұсынылып отыр. Олар қоғамдық жұмыстардың түрлерін және оларды орындау керек ұйымдардың тізімін анықтайды. Сонымен, әкімдіктер:

  • сот бұйрығын алған кезден бастап құқық бұзушыны шақырып, оның жеке деректерін толтырады, құқықтары мен міндеттерін, қоғамдық жұмыстарды орындау тәртібін түсіндіреді;
  • ұйымға қоғамдық жұмыстарды орындауға адамды жіберу туралы хабарлама жібереді;
  • қоғамдық жұмыстардың кестесі мен кезеңділігін жасайды;
  • құқық бұзушының қоғамдық жұмыстарды орындауына бақылауды жүзеге асырады;
  • адамның қоғамдық жұмыстарды орындаудан жалтарғаны туралы ішкі істер органдарына хабарлайды.

Өз кезегінде ұйымдар орындалған жұмыстар туралы есептерді жасайды, жұмыс уақытының кестелерін жүргізеді және тоқсан сайын әкімдікке қоғамдық жұмыстардың орындалуы туралы есеп береді.


Оқи отырыңыз: Шымкентте қалыңдық ұрлаған ер адам сотталды


Ал, депутаттар қоғамдық жұмыстардың орындалуын бақылау Ішкі істер министрлігіне жүктелуін талап етті. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов осыған назар аударып, мәселенің екінші оқылымда шешілуі керектігін нақтылап айтты.

"Қоғамдық жұмыс – қоғамға пайдалы еңбек, оның мақсаты құқық бұзушыны еңбек арқылы тәрбиелеу болады. Бұл қоғамдық қауіпсіздікке, жеке тұлғаға және басқару тәртібіне қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтардың қайталануының алдын алуға бағытталған профилактикалық шара", – деді Азамат Есқараев.

Серіктестер жаңалықтары