Қазақстанның бірден 34 университеті британдық QS EECA 2022 агенттігінің нұсқасы бойынша үздік жоғары оқу орындарының тізіміне енді.
Рейтинг Еуропа мен Орта Азия елдерінің үздік жоғары оқу орындары туралы ақпаратты қамтиды. ТОП-100 құрамына 7 отандық университет кірді. Көшбасшы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті болды. Өткен жылмен салыстырғанда университет 3 позицияға жоғарылап, рейтингте Стамбул техникалық университеті (Түркия), Вильнюс университеті (Литва) және басқа да шетелдік университеттерді басып озып, 16-орынға ие болды.
Оқи отырыңыз: Асхат Аймағамбетов: Енді ЖОО жалақы мен жөндеу жұмыстарына бюджеттен тікелей қаржы алмайды
ҚазҰУ-дан кейін рейтингте Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті көш бастап тұр. Ол халықаралық рейтингтте 42-ші орынға жайғасты. Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында Satbayev University үшінші орында тұр. Өңірлік жоғары оқу орындары арасында ТОП-100 қатарына Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті енді.
"QS Emerging Europe and Central Asia University Rankings рейтингіне кіретін қазақстандық жоғары оқу орындарының саны жыл сайын артып келеді. Бұл жоғары білімнің әлемдік аренада танылуын білдіреді. Егер өткен жылы рейтингке 27 қазақстандық университет кірсе, биыл 34 жоғары оқу орны енді. Отандық университеттер Ресей, Чехия, Польша, Эстония, Литва, Түркия, Грузия, Әзербайжан және басқа елдердің жетекші университеттерімен бәсекеге түсуде. Бұл біздің жоғары оқу орындарының білім беру сапасын арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілгенін көрсетеді. Сондай-ақ әлемдік рейтингтегі қазақстандық университеттердің санының артуы біздің жоғары оқу орындарымыздың заман талаптарына және әлемдік стандарттарға сай білім беретіндігін көрсетеді", – деп атап өтті БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Оқи отырыңыз: Талғат Нәрікбаев: Сапасыз маман даярлайтын университеттер бюджет ақшасын қайтаруы керек
Айта кетейік, QS EECA рейтингін жасау кезінде он негізгі көрсеткіш ескеріледі. Олардың ішінде университеттердің жұмыс берушілер арасындағы және академиялық беделі, оқытушылар мен студенттер санының ара қатынасы, бір оқытушы мен қызметкерге шаққандағы жарияланымдар саны, жоғары оқу орындарының ғалымдарынан дәйексөз алу саны, шетелдік студенттердің, оқытушылар мен қызметкерлердің үлесі және тағы басқалары бар.