Тікелей эфир

ҚР президенттерінің отбасы мүшелері Ұлттық пантеонда жерленетін адамдар тізімінен сызылады

Сондай-ақ, пантеонда естелік музей салынбайтыны белгілі болды.

Мәдениет және спорт министрлігі Ашық НҚА порталында Ұлттық пантеон туралы ережеге өзгерістер енгізуді көздейтін Үкімет қаулысының жобасын жариялады.

Өзгертулер Ұлттық пантеонда жерленетін адамдар тізімін жаңартуды көздейді.

Атап айтқанда, тізімнен ҚР президенттерінің отбасыларының мүшелері алынып тасталады. (Ескерту: ереже бойынша пантеонда жерленген адамның жұбайы кейін қайтыс болса, ол да Ұлттық пантеонда жерленеді. Сәйкесінше, президенттердің жұбайы пантеонда жерленеді). 

Жаңа тізімге Қазақстанда бірқатар лауазымдардың жойылуына байланысты мемлекеттік хатшы мен Конституциялық кеңес мүшелері де енбеген. 

Сонымен қатар, "ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" ҚР Конституциялық заңының күшi жойылуына байланысты тізімнен "ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" тармағы да сызылған.


Оқи отырыңыз: 


Жаңа қаулыдағы тағы бір өзгеріске сәйкес, Ұлттық пантеон аумағында мемориалдық ғимарат пен "Естелік қабырғасы" монументі бар естелік музейі енді бой көтермейді.

"Қазіргі кезде пантеонның қолданыстағы аумағында мемориалдық ғимарат және музей ғимараты жоқ. Сонымен қатар аталған ғимараттарды салу көзделмеген, себебі олар бойынша ГИЖ, ЖСҚ әзірлеу және құрылыстың өзін жүргізу қарастырылмаған. Жергілікті және республикалық бюджеттерде жуық мерзімге арналған қаржылық жылдарға және одан әрі жоспарларда қаржыландыру қарастырылмаған", – деп түсіндірді мұны Мәдениет және спорт министрлігі.

Еске салайық, Ұлттық пантеон Астана қаласынан 17 шақырым қашықтықта, Қабанбай батыр мавзолейінің жанында салынған. 

Құжат жобасын талқылауға 7 сәуірге дейін қатысуға болады. 

Серіктестер жаңалықтары