Қонаев қаласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – қоршаған ортаның сапасын жақсартуға және экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған ауқымды экологиялық жобаларды жүзеге асыру. Қазіргі таңда Қонаев қаласында су тазарту құрылыстарының құрылысы белсенді жүріп жатыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған бұл бастама – өңірдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жаңа нысан пайдалануға берілген соң, ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, тозығы жеткен ескі су тазарту нысандары толығымен тоқтатылады, деп мәлімдеді әкімдіктегілер.
Жаңа тазартқыш құрылғылар тәулігіне 25 мың текше метр ағынды суды өткізуге қауқарлы. Бұл шаһардың дамуы мен халық санының өсуін ескере отырып, ағынды суды сапалы әрі сенімді тазартуды қамтамасыз етеді. Жоба шеңберінде үш кәріздік сорғы станциясы, 36 шақырымдық қысымды коллекторлар, инженерлік желілер және тазартылған суға арналған сыйымдылығы 7,5 млн текше метрлік жинақтауыш тоған салынуда. Жобаның жалпы құны – 33,16 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланған.
"Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр. Нысанда 167 жұмысшы мен 65 арнайы техника жұмылдырылған. Негізгі өндірістік ғимараттардың, инженерлік желілер мен инфрақұрылым нысандарының құрылысы қатар атқарылуда. Бұдан бөлек, қала әкімдігі Шеңгелді ауылдық округі бағытында тұрмыстық қатты қалдықтарға (ТҚҚ) арналған заманауи аймақтық полигон құрылысы жобасын жүзеге асыруда. Жаңа полигон ауданаралық нысан ретінде қарастырылған. Ол Қонаев қаласының ғана емес, Шеңгелді ауылдық округіне қарасты елді мекендердің де тұрмыстық қатты қалдықтарын экологиялық қауіпсіз жағдайда орналастыруға мүмкіндік береді", – делінген әкімдік хабарламасында.
Бұл жобаларды жүзеге асыру қаланың коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды қадам болып табылады. Ол қоршаған ортаға түсетін экологиялық салмақты едәуір азайтуға, ағынды суларды тазарту мен тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жаратудың заманауи стандарттарын енгізуге, сондай-ақ Қонаев қаласының ұзақ мерзімді кезеңдегі орнықты экологиялық дамуына берік негіз қалауға жол ашады.