Тікелей эфир

ҚМДБ діни-саяси ағымнан сақ болуға шақырды: Суруриттер деген кім

Иллюстрация: Depositphotos.com
Иллюстрация: Depositphotos.com
Бұл ағым өкілдері намаз оқымаған мұсылмандардың иманында күмән бар деп санайды.

ҚМДБ ресми сайтында қазіргі таңда әлемде белең алып тұрған "Суруриттер" деген атаумен белгілі саяси-діни ағым туралы мақала жарық көрді. ҚМДБ өкілдері бұл теріс сенімдегі ағымның қоғам бірлігі мен ынтымағына, оның өсіп-өркендеуіне зиян тигізетінін алға тартып, одан сақ болуға шақырды. 

Қостанай облысының бас имамы Бектұрсын Уәлиевтің түсіндіруінше, суруриттер негізінде сәләфиттік бағыт ретінде танымал болғанымен, негізгі ұстанымдары "Ихуан муслимин" саяси ұйымының идеяларын негізге келеді. "Ихуан муслимин" (Мұсылман бауырлар) – мұсылман әлеміндегі саяси ұйымның бірі. Бұл ұйымды 1928 жылы мысырлық саяси қайраткер Хасан әл-Бәнна (1906-1949 жылдары өмір сүрген) құрады. 

"Ихуан муслиминнің" саяси қозғалыстағы реформаторлық көзқарастары мен ұстанымдары кейбір ислам елдеріне тез тараған. Бұл күндері "Ихуан муслимин" идеологиясынан нәр алған діни-саяси ұйымдардың араб елдерінің аумағынан тыс жетпіске жуық мемлекетте өкілдіктері бар. 

"Негізінен суруриттер "мемлекет билігі кәпір елдермен қарым-қатынас жасамауы тиіс" - деп санайды. Сауд Арабиясындағы суруриттер бес уақыт намаз оқымаған мұсылманды кәпірге жатқызады. Бұл топта Ибн Тәймия мен оның идеяларын саясиландырып, жалғастырған Мұхаммед Абдул Уаһабтың көзқарастарын ұстанады. Сарапшылардың тұжырымы бойынша, суруриттердің діни дайындығынан өткен адамның радикалданып, заңды билікке, басқа дін өкілдеріне, зайырлы азаматтарға қатысты шектен тыс төзімсіздік танытып, өзінің саяси мақсатына жету үшін кез келген тәсілді қолданатынын, соның ішінде қарулы қақтығысқа да баратынын айтады", – деп жазды Бектұрсын Уәлиев. 


Оқи отырыңыз: ҚМДБ Ұмра қажылығына қатысты қазақстандықтарға ескерту жасады


Имамның айтуынша, суруриттер өздерін мұсылман санайтын, бірақ намаз оқымаған адамдардың иманында күмән бар деп санайды. Олардың ішкі дүниелері мен көзқарастары мүлдем бөлек. 

"Ал мұндай теріс сенімдегі ағымдардың қоғам бірлігі мен ынтымағына, оның өсіп-өркендеуіне зиян тигізері сөзсіз. Әлемдегі мұсылман елдері дәстүрлі Исламға қайшы келетін сенімдегі ағымдардың насихат жүргізуіне тыйым салған, тіпті ресми тіркеуге де алмаған. Аталмыш ағым халқымыздың ұстанатын дін жолын қате деп, ел ішіндегі бірлікті жоюға тырысып, діни радикализмге бейімділік танытады. Жалпы, мұндай дін атын жамылып, шынайы Исламға залалын тигізуші адасқан ағым өкілдерінің сөзіне құлақ салмас бұрын, олардың тарих сахнасында пайда болу себептері мен мақсаттарына мән беріп, зияндылығы анықталған жағдайда ел болашағы мен мүддесі тұрғысынан сарапқа салып, қажетінше оларға тиісті шара жасауды талап ететіндігі даусыз", – деді ҚМДБ өкілі. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары