Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қажылық бөлімі Ұмра (кіші қажылық) қажылығы сапарына аттануды жоспарлап отырған қазақстандықтарға мәлімдеме жасады. Мүфтияттың мәлімдеуінше, Ұмра қажылығын ұйымдастыратын туристік фирмалардың үстінен түсіп жатқан арыз-шағымдар көбейген.
"Соңғы кезде Діни басқармаға ел азаматтары тарапынан түрлі турфирмалардың күмәнді іс-әрекеттеріне қатысты шара қолдануды сұрайтын шағымдар көбейді. Осы орайда ұмраға баратын азаматтарға қызмет көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аталмыш турфирмалар жауапкершілігінде екенін еске саламыз. ҚР сыртқы туризмді реттейтін тиісті заңнамасына сай ұмра сапарын топпен ұйымдастыру үшін міндетті түрде мемлекеттік лицензиясы болуы тиіс және әр ұмра жасаушыға туроператор тарапынан туркод берілуі қажет. Мұндай талаптар орындалмаған жағдайда ұмраны топпен ұйымдастыру ҚР заңдарына қайшы.
Осы ретте ұмраға барушыларды бақылауға және оларға турфирмалар тарапынан жасалатын қызметті қадағалауға Діни басқарманың заңды құзіреті жоқ екенін мәлімдейміз", – делінген ҚМДБ Қажылық бөлімінің мәлімдемесінде.
Оқи отырыңыз:
- Қажылық-2025: Сауд Арабиясы Қазақстан мұсылмандарына 10 мың қажылық орнын ұсынды
- 2025 жылы қазақстандықтар қажылыққа отандық әуе компанияларымен де бара алады
Сондай-ақ, ҚМДБ қазақстандықтарды ресми туроператорлық лицензиясы жоқ туркомпаниялармен Ұмра сапарына бармауға шақырды.
Айта кетейік, Ұмра қажылығына Сауд Арабиясының туристік визасы арқылы баруға болады.