Тікелей эфир

ҚазҰУ химия ғылымында тың жобаларды игеруде

Биыл жазда құрылған Farabi Chem Science кластері қазірдің өзінде ғылыми жаңалықтарын өндіріске енгізіп үлгерген.

90 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, университеттің ғылыми әлеуетін арттыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде Химия және химиялық технологиялар факультетінің базасында Қазақстанның химия өнеркәсібін дамытуға қажетті ғылыми жаңалықтар ашу мен заманауи материалдар және жаңа әдіс-тәсілдер әзірлеуді көздейтін жобалар қолға алынған.

Оның жарқын мысалы – биылғы маусымда тұсауы кесілген Farabi Chem Science инновациялық кластері. Ғылыми орталықтың құрамына 9 зертхана кіреді.

Farabi Chem Science мақсаты – металл және ағаш конструкцияларға арналған отқа төзімді жабындарды жасау, қоршаған ортаны ластаушы заттарды анықтап, химиялық ток көздеріне арналған жаңа материалдарды әзірлеу. Сондай-ақ отандық медициналық-биологиялық құралдар мен бактерияға қарсы қорғаныш жабындарын алудың оңтайлы әдістерін әзірлейді. Әр бағыттағы зерттеу жұмыстары кластер құрамындағы зертханалардың сәйкес біреуінде жасалады.   


Оқи отырыңыз: ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400 жобаны жүзеге асырып жатыр


Кластердің ашылуына арнайы қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл орайда университет қолға алған бағыт Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен үйлесетінін атап өткен болатын. 

Farabi Chem Science инновациялық кластерінің ашылу рәсімі

"Алматыда жас ғалымдармен кездесу барысында Президент "Біз жетекші емес, алға жетелеуші елдердің қатарына кіруіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда, бізге ғылыми әлеуетімізді арттыру керек" деген еді. ҚазҰУ базасында ашылып жатқан зертханалар еліміздің химия саласын дамытуға және химия өнеркәсібі саласындағы жұмыстардың тереңдетуге аса қажет", – деп атап өтті Ғылым және жоғары білім Саясат Нұрбек. 

Farabi Chem Science зертханалары тек химия саласы емес, сонымен қатар медицина мен биология салаларындағы өзекті мәселелерді де шешуге көмектесе алады. ҚазҰУ Химия және химиялық технологиялар факультеті басшылығының айтуынша, ғылыми зертханалар металл және ағаштан жасалған құрылыс материалдарына арналған отқа төзімді жабындыларды әзірлеуге, бейорганикалық материалдарың жаңа түрлерін зерттеуге, заттар мен материалдарға сандық және сапалық талдау жасауға кең мүмкіндіктер ашады.


Оқи отырыңыз: ҚазҰУ ректоры президентке университетті дамыту стратегиясын таныстырды


Ғылыми зертханалар: 

  • Аналитикалық химия және қоршаған орта зертханасы;
  • Электрохимиялық өндіріс технологиясы зертханасы;
  • Мұнай-химия зертханасы;
  • Химия-медициналық зертханасы;
  • Нәзік органикалық синтез зертханасы;
  • Энергия сыйымды наноматериалдар зертханасы;
  • Перспективалық материалдар мен технологиялар зертханасы;
  • Материалдарды жоғары дәлдікте диагностикалау зертханасы;
  • Chemical Coatings Innovations ғылыми-өндірістік орталығы. 

Аталған зертханаларда ғалымдардың ғылыми жұмыстарымен еркін айналысуына жағдай жасалған. Ол үшін зертханалар қажетті аппараттар мен зерттеу жабдықтарымен қамтылған. Атап өтейік, оларды жабдықтау жұмыстарына 1 миллиард теңге қаражат бөлінген. 

Ерекше атап өтер жайт, бұл зертханаларда ғылым мен химияға қызығатын мектеп оқушыларының зерттеу жұмыстарымен айналысуына да мүмкіндік жасалған. Олардың көбі кейін университет қабырғасында білім алып, ғылыммен айналысуын жалғастырады.

Химия және химиялық технология факультетінің деканы Алина Галееваның айтуынша, факультет ғалымдары ондаған патент тіркеп, жетекші ғылыми журналдарда мақалаларын жариялап, сондай-ақ өз зерттеулерінің нәтижесін өндіріске енгізіп үлгерген. Мұндай жетістіктердің қатарында машина құрылысына арналған коррозияға қарсы әзірлемелер, отандық шикізат негізіндегі медициналық биоматериалдар жасау және аккумуляторлар мен суперконденсаторларға арналған технологияларды оңтайландыру жұмыстары бар. 

Farabi chem cluster қызметі Қазақстанның отандық қана емес, сонымен бірге әлемдік ғылыми аренадағы орнын күшейтіп, экологиядан электроникаға дейінгі негізгі бағыттарға кадр дайындау мен дамытуға өз үлесін қосып отыр. 

Бүгінде Химия және химиялық технологиялар факультеті Chemical Coating Innovations ғылыми-өндірістік орталығының дамуына да зор көңіл бөліп отыр. 2024 жылғы қаңтарда ашылған бұл орталық ғалымдары машина жасау және техникалық құрал жасау қажеттіліктері үшін, сондай-ақ кәдесыйлар мен зергерлік бұйымдарын өңдеп, арнайы гальваникалық қаптамалар шығарумен айналысады. ҚазҰУ-да дайындалатын гальваникалық қаптамалар өнімнің қызмет ету мерзімін ұзартады. Яғни бұл өндірушіге де, тұтынушыға да пайдалы. Бұл – тат басудан қорғаудың жаңа әрі тиімді әдісі. 


Оқи отырыңыз: ҚазҰУ ғалымдары 400 патент пен авторлық куәлік алды


Сондай-ақ, ChemMedLab зертханасының мамандары ота кезінде пайдаланылатын хирургиялық жіпті жетілдіріп, бетіне антибактериалды жабын жасап шығарды. Операция кезінде хирургтер жіптерді спиртке немесе хлоргексидин ерітіндісіне салып, жараны тігеді. Бірақ бұл жіптер ұзақ уақыт шыдамай, адам өміріне зиян келтіреді. Ал ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген жіптердің арнайы жабындары болады. Олар керек кезінде бактериямен күресіп отырады. Сондай-ақ антибактериалды агент бір ай бойы бактерияға қарсы күреседі. Бұл ғылыми жоба Қазақстанда тұңғыш рет жүзеге асып отыр. Болашақта ғалымдар аталған жобаны нарыққа шығаруды көздеп отыр. 

Айта кетейік, биыл қарашаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына – 90 жыл. Университет халықаралық QS WUR рейтингінде 163 орында. Бұрынғы кеңестік елдер ішінде бұл топқа тек екі университет – Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттк университеті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ енген. Сондай-ақ, биыл университет "QS Asia University Rankings" халықаралық рейтингінде 29-орынға ие болды. 

ҚазҰУ ғалымдары әлемнің үздік ғылыми орталықтары мен университеттерінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін "Болашақ" бағдарламасының "500 ғалым" жобасына белсенді қатысуда.

2021-2024 жылдар ішінде университеттің 70 ғалымы мен қызметкері АҚШ, Еуропа, Азия елдерінің беделді университеттерде ордасында тағылымдамадан өтіп, басым бағыттар бойынша әлеуетін арттырды.

Бүгінде ҚазҰУ ғалымдары 400-ге жуық жобаны жүзеге асырып келеді. Жобаның жалпы құны 32 млрд теңгені құрайды. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары