Қазақстандықтардың жартысынан көбі отбасымен саяхаттағанды жақсы көреді. Бұл туралы Freedom Finance Global компаниясы жүргізген сауалнама нәтижесінде белгілі болды. Аталған сауалнамаға 18 жастан асқан 716 тұрғын қатысты.
Сауалнамаға қатысқандардың 56,3 пайызы – ер адам, 43,7 пайызы – әйел адам. Олардың 87 пайызы – қала тұрғындары. Ал жасы:
- 35-50 жастағылар – 50%;
- 24-34 жастағылар – 27,1%;
- 18-24 жастағылар – 16,2%;
- 56 жастан асқандар – 6,7%.
Респонденттердің 56,6 пайызының балалары бар.
"Сауалнама нәтижесінде қазақстандықтардың көбінесе өз отбасымен – жұбайымен (зайыбымен), балаларымен, ата-аналарымен саяхат жасағанды жөн көретіні – сұралғандардың 56,8%-ы отбасы мүшелерімен жиі саяхат жасайтыны белгілі болды. Сауалнамаға қатысушылардың үштен бір бөлігі (32,7%) өздерінің достарымен және таныстарымен ішкі туристік сапарларын жасағанды жөн көреді, ал төрттен бірі өздерінің әріптестерімен/серіктестерімен (25,4%) саяхаттауды қалайтындарын атап өткен", – делінген зерттеуде.
Оқи отырыңыз: Ел ішінде саяхаттайтын қазақстандықтардың 13%-ы ғана қонақүйде түнейді – зерттеу
Сондай-ақ сұралғандардың 13,5 пайызы ғана жалғыз саяхаттайды, бұл ретте осылай жауап бергендер 56 жастан асқан (27,1%) қатысушылар арасында ең көп. Әріптестерімен саяхат жасағанды тек әрбір оныншы (10,5%) адам жөн көреді екен.