2026 жылғы 19 шілдеден бастап Қазақстанда Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі (БМТЖ) ресми түрде іске қосылады. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.
Жаңа жүйе арқылы қазақстандықтар қай банктің клиенті екеніне қарамастан QR-кодпен төлем жасап, телефон нөмірі арқылы лезде ақша аудара алады. Ұлттық банктің мәліметінше, бүгінде жүйеге мобильді қосымшалар арқылы халыққа қызмет көрсететін барлық банк қосылған. 19 шілдеден бастап жүйеге қатысушы банктердің клиенттері:
- телефон нөмірі арқылы басқа банктің клиентіне бірден ақша аудара алады;
- сатып алушы мен сатушы әртүрлі банктің клиенті болса да, QR-код арқылы тауар мен қызмет ақысын төлей алады.
Барлық аударым мен төлем тәулік бойы нақты уақыт режимінде жүзеге асырылады. Ұлттық банктің хабарлауынша, жаңа жүйе кәсіпкерлерге жүйеге қосылған барлық банктің клиенттерінен бір ғана QR-код арқылы қолма-қол ақшасыз төлем қабылдауға мүмкіндік береді.
"Бұл үшін жаңа терминал немесе қосымша жабдық орнатудың қажеті жоқ. Қызмет қолданыстағы терминалдар арқылы көрсетіледі. Ал мобильді қосымшаны жаңарту қажет болса, пайдаланушылар өз банкіне жүгінуге тиіс", - делінген хабарламада.
Ұлттық банк мәліметінше, Ұлттық төлем жүйесі арқылы қазірдің өзінде күніне шамамен 6,3 трлн теңге өңделеді. Сонымен қатар айналымға 340 млрд теңгеден астам цифрлық теңге шығарылған, ал биометриялық сәйкестендіру сервисі ай сайын 3,5 млн-ға жуық сұранысты өңдейді. Сондай-ақ Ұлттық антифрод-орталығы жұмыс істей бастағаннан бері 165 мыңнан астам алаяқтық әрекет пен өзге де заңсыз қаржылық операцияны анықтаған.