Ұлттық банк жүргізген сауалнамаға сәйкес, 2025 жылы қазақстандықтардың 65%-ының мүлде жеке жинағы болмаған. Бұл әрбір үш қазақстандықтың екеуі жұмысынан айырылғанда, ауырған жағдайда немесе басқа да күтпеген жағдай туындаса, несие картасын пайдалануға, тұтынушылық несие рәсімдеуге немесе туыстарынан қарыз сұрауға мәжбүр болуы мүмкін екенін білдіреді.
Бұл жайында қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Әйгерім Ілиясова Ұлттық банк деректеріне сүйене отырып айтты.
Оның сөзінше, көпшілік бір қателікті жиі қайталайды: қолына бос қаражат түскенде алдымен несиесін мерзімінен бұрын өтеуге немесе инвестициялауға асығады.
"Инвестиция жасамас бұрын немесе несиені мерзімінен бұрын өтеуге кіріспес бұрын, алдымен қаржылық қауіпсіздік қорын қалыптастыру қажет. Егер адам кенеттен жұмыссыз қалса, мерзімінен бұрын жабылған несие азық-түлік сатып алуға немесе коммуналдық төлемдерді төлеуге көмектеспейді", – деді Әйгерім Ілиясова.
Оның айтуынша, несие карталары мен тұтынушылық несиелердің пайыздық мөлшерлемелері әлі де жоғары, ал қарыз алушыларға қойылатын талаптардың күшеюіне байланысты несие қаражатына сенім арту дұрыс емес. Қажетті соманы анықтау үшін сарапшы екі ай бойы барлық шығындарды толық жазып жүруге кеңес береді.
"Мысалы, егер адамның ай сайынғы жалақысы 400 мың теңге болса, ал ең қажетті шығындары 250 мың теңгені құраса, онда қаржылық қауіпсіздік қоры шамамен 1,5 миллион теңге болуы керек", – деп түсіндіреді Әйгерім Ілиясова.
Мұндай қорды біртіндеп қалыптастырып, әрбір табыстың 20%-ын жинақтап отырған жөн.
"Жоғарыдағы мысалда бұл айына шамамен 80 мың теңге болады. Демек, қажетті соманы шамамен бір жарым жылда жинауға болады. Егер сыйақы, қосымша жұмыс немесе бонус түрінде қосымша табыс түссе, оны да осы қорға бағыттаған дұрыс. Бұл қажетті соманы тезірек жинауға мүмкіндік береді", – дейді сарапшы.
Қаражатты қайда сақтау керектігін дұрыс таңдау да маңызды. Қаржыгердің айтуынша, қауіпсіздік қоры кез келген уақытта қолжетімді болуы тиіс. Сондықтан ең тиімді нұсқа – қаражатты ішінара шешіп алуға болатын теңгелік депозит.
"Көпшілік бұл ақшаны инвестициялауға тырысады. Қаржылық қауіпсіздік қорын акцияларда немесе басқа бағалы қағаздарда сақтауға болмайды. Шұғыл қажет болған жағдайда оларды нарықтағы кез келген бағамен, көбіне шығынға сатып жіберуге тура келеді. Өтімділігі төмен активтер де жарамайды. Ақшаны үйде қолма-қол сақтау да дұрыс шешім емес: инфляцияның әсерінен оның құны төмендейді әрі қауіпсіздік тұрғысынан да сенімді емес", – дейді сарапшы.
Тағы бір кең таралған қателік – жиналған қаржылық қорды ипотека немесе автонесие бойынша бастапқы жарна ретінде пайдалану.
"Қаржылық қауіпсіздік қорының бір ғана мақсаты бар – адамның табысы азайған кезеңде оны қолдау. Ол ірі сатып алуларға немесе инвестицияларға арналмаған", – деді Әйгерім Ілиясова.
Пайыздық мөлшерлеме төмендесе де, неге несие арзандамады
Автолизинг бағдарламасы сұранысқа ие болмады?