Тікелей эфир

Қазақстанда жылына 600 бала онкологиялық дертке шалдығады

Ал республикада барлығы 81 балалар онкологы бар.

Елде жыл сайын 600-ге жуық бала өмірінде бірінші рет қатерлі ісікпен ауырады. 2021 жылы бұл қорқынышты диагноз алғаш рет 591 балаға қойылды, деп хабарлайды ҚР денсаулық сақтау министрлігі. 

"Қазақстанда соңғы 7 жылда балалардың қатерлі ісікке шалдығу деңгейі тұрақты. 2021 жылы бұл ауруға шалдыққандардың көбейгеніне қарамастан, көрсеткіш салыстырмалы түрде басқа елдерден төмен – 100 мың балаға 14-15 жағдай. Елде әртүрлі онкологиялық және гематологиялық ауруға шалдыққан әртүрлі маман үнемі бақылап отыратын 4 621 бала бар. 2 083 бала қатерлі ісікке шалдыққан", – делінген хабарламада. 

Балаларда қатерлі ісікті I, II сатысында анықтау деңгейі  2015 жылы 29% болса, былтыр бұл көрсеткіш 52%-ға жетті. Ал бұл ауруға шалдыққан балаларды емдеумен 2013 жылдан бері екі республикалық клиника айналысады. Олар – Алматы қаласындағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен астанадағы University Medical Center ұжымдық қоры. Сонымен қатар, көпбейінді облыстық балалар стационарларының базасында онкологиялық және гематологиялық бейіндегі науқастарға арналған бөлімшелер немесе төсектер бар.

Қазіргі уақытта ҚР бойынша қатерлі ісікке шалдыққан науқастар үшін 488 төсек жұмыс істейді, оның ішінде 266-сы республикалық маңызы бар клиникаларда.

"Кадр мәселесіне келетін болсақ, бүгінде 81 балалар онкологы мен гематологы жұмыс істейді. Оның 51-і – республикалық, 35-і өңірлік орталықтарда қызмет етеді. 2013 жылы "балалар онкологиясы" және "балалар гематологиясы" мамандықтары біріккен соң, ем жүргізу бағдарламалары әзірленді. Әртүрлі онкологиялық және гематологиялық аурулар кезінде гемопоэздік дің жасушаларын транспланттау, сүйек ісіктері кезінде буындарды эндопротездеу, ретинобластома кезінде селективті интракраниальды химиотерапия сияқты емдеудің жоғары технологиялық әдістері игерілді", – деді министрліктегілер. 

Сонымен қатар, екі республикалық орталықта смарт-мектептер жұмыс істеп тұр. Онда балалар медициналық процедуралардан алшақтап, робототехника, лего-құрастыру, пішу және тігу бойынша өз дағдыларын дамыта алады. Шахмат ойнайды, ағылшын тілін үйренеді.

"Халықаралық қатерлі ісікпен ауыратын балалар күнінде қоғамның, меценаттардың, үкіметтің назарын қазіргі проблемаларға, оның ішінде қатерлі ісік ауруын ерте диагностикалау проблемаларына және балалар онкологиясымен күресу үшін бірлескен күш-жігерді шоғырландыру қажеттілігіне тағы бір аударған жөн", – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, мәжіліс депутатының тұрмысы төмен отбасындағы әр балаға 36 мың теңгеден беруді ұсынғаны туралы хабарлаған едік. Қазір Қазақстанда әрбір оныншы бала аз қамтылған отбасында тұрып жатыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары