Қазақстанда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін цифрлық бақылау күшейтілді. Енді жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілерді дрондар, мобильді кешендер, орташа жылдамдықты анықтау жүйелері және лазерлік құрылғылар бақылауға алады, деп хабарлайды ІІМ.
Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бағланбек Айтпаевтың айтуынша, полиция қазір:
- дрондарды;
- патрульдік көліктерге орнатылған мобильді кешендерді;
- орташа жылдамдықты бақылау жүйелерін;
- лазерлік қондырғыларды пайдаланады.
Оның сөзінше, бұл технологиялар жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркеп қана қоймай, қауіпті жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
"Дрондар жолдағы жағдайды әуеден бақылап, полицияға құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға көмектеседі. Патрульдік көліктерге орнатылған мобильді кешендер көлік ағынында қозғалып келе жатып-ақ жүргізушінің рөлде телефон пайдалануын, жаяу жүргіншілерге жол бермеуін, жылдамдықты асыруын және маневр жасау ережелерін бұзуын анықтай алады. Ал республикалық маңызы бар 12 негізгі бағытта орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе көліктің екі бақылау нүктесі арасындағы орташа қозғалыс жылдамдығын есептейді", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар полиция түнгі уақытта және күрделі ауа райы жағдайында лазерлік жүйелерді қолданады. Олар қауіпті жағдайларды, оның ішінде жүргізушінің шаршауына байланысты қауіптерді анықтауға мүмкіндік береді.
ІІМ мәліметінше, жолдың кейбір учаскелерінде жүргізушілерді жылдамдықты азайтуға ынталандыру үшін жолдың жүру бөлігін жасанды түрде тарылту тәсілі де қолданылады.
Ведомство бұл шаралардың негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алып, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін арттыру екенін атап өтті.
ІІМ жасөспірімдерге әлеуметтік желідегі қауіпсіздік ережелерін еске салды
Әлеуметтік желідегі қауіпті трендтер: Хайп қуғандар неге айыппұлдан қорықпайды