Тікелей эфир

Қазақстанда көшбасшы әйелдерді қолдайтын Гендерлік теңдік модульдік оқыту бағдарламасы әзірленді

8-9 маусым күндері "Астана" халықаралық форумында әйелдер көшбасшылығы тақырыбы талқыланатын болады.

"Самұрық-Қазына" қорының қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссиямен тұрақты негізде гендерлік теңдік бойынша бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып, компания алдында қазіргі көрсеткіштерді 2030 жылы 30%-ға дейін ұлғайту мақсаты тұрғанын мәлімдеді. 

Жоғары лауазымды иеленген әйелдер саны артып келеді

Әйел-ана бір қолымен бала тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Соңғы әлемдегі және Қазақстандағы тенденция әйелдердің бизнесті де саясатты да, ғылым, өнер, заманауи технология – жалпы қызметтің кез келген саласын ұршықтай иіріп жүргенін көрсетті. Олар әр қызметті бағындырып, ерлерге тән небір ауыр жұмыстың өзін меңгеріп келеді. Әйелдер көшбасшылығы бүкіл әлемдегі әлеуметтік және экономикалық дамудың негізгі аспектісі болып табылады. Қысқасын айтқанда, бұл салада айтарлықтай жетістіктер жетерлік. Бірақ, әттеген-ай дейтін тұсы да жоқ емес. Біраз қиындықтар мен шектеулер бар. 

Әйелдер қауымы әр салада сәтті жеңістер мен жетістіктерге жетуде: түрлі шет ел үкіметтерінде, халықаралық ұйымдарда, беделді компанияларда жоғары лауазымды иеленген әйелдер саны артты. Бұл әйелдер өз білімі мен білігінің арқасында, талмай еңбектеніп, нәтижесінде көпке танылып, ел экономикасының да дамуына үлес қосып, жаһандық мәселелерді шешуде аса маңызды рөл атқарып келеді. 


Оқи отырыңыз: Жыл сайын әйелдер үлесі азайып келеді. Биыл Қазақстандағы әйелдер саны 9,9 миллионға жетті 


Әйелдер көшбасшылығын дамытуда әсіресе, халықаралық жаһандық бастамалар маңызды рөл атқарады. Ол дегеніміз өзара тәжірибе алмасып, кәсіби тұрғыда дамып, тұлғалық келбетін қалыптастырып, біліммен сусындауға жағдай жасайтын арнайы платформалар. Сондай-ақ, мұнда кәсіби мамандармен тығыз байланыс орнатылады. Нәтижесінде, сол арқылы әйелдер басшылық лауазымдарға дейін көтеріле алады. Себебі, олар білімін толықтырып, тәжірибе жинайды. 

Әйел қауымының көшбасшы болуына не кедергі?

Прогресстерге қарамастан, әйелдер көшбасшылығы әлі де түрлі қиындықтарға тап болуда. Әйелдердің ұйымдар мен мекемелердегі негізгі қызметтерге қол жеткізуіне кедергі келтіретін мәдени және құрылымдық кедергілер бар. Әйелдер көшбасшылығын дамыту нәтижесінде: қоғамда қалыптасқан ойды бұзып, ер мен әйел арасындағы теңсіздікті жойып бір сөзбен айтқанда, теңдік орнатуға мүмкіндік бар. 

Қазақстан да әйелдер көшбасшылығын дамытуға және гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге айтарлықтай күш салуда. Елімізде әйелдердің еңбек әлеуетін дамытуға әл-қуатын арттыруға және маңызды шешімдер қабылдауға қатысуына ықпал ететін инклюзивті, тең әлеуметтік-саяси орта құрылып келе жатқаны байқалады. 


Оқи отырыңыз: KEGOC акциялары SPO-ға шығады


Қазақстан әйелдер қауымын ерекше қолдайды және қорғайды. Атап айтқанда, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, олардың білім деңгейі мен біліктілігін жетілдіру, еліміздің саяси өміріне белсене қатысатын әйелдер үлесін арттыру бойынша белсенді жұмыстар жасалуда, қажетті шаралар қабылдануда. Одан бөлек, Қазақстанда көшбасшы әйелдерді және олардың бастамаларын қолдайтын түрлі бағдарламалар бар. Ол негізінен гендерлік кемсітушілікті жеңуге бағытталған.

Еліміздің гендерлік саясатындағы жетістік – саяси және мемлекеттік органдардағы әйелдер санының артуы. 2021 жылдан бастап парламенттегі әйелдер саны 30 пайызды құрайтын міндетті квота белгіленді. Бұл әйелдердің заң шығарушы органдардағы өкілдігін және олардың шешім қабылдаудағы ықпалын арттыруға мүмкіндік берді.

Отандық компанияларда көшбасшы әйелдер саны артады

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры да гендерлік теңдік саласындағы бастамаларды қолдайды және қор тобының директорлар, бақылау кеңестері мен атқарушы органдарындағы әйелдер үлесін 30%-ға жеткізу талаптарын орындайды.

"Самұрық-Қазына" қорының қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссиямен тұрақты негізде гендерлік теңдік бойынша бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.


Оқи отырыңыз: Халықтық IPO ел тұрғындарының сұранысын толықтай қанағаттандыра ала ма?


"Бүгінгі таңда қор тобындағы гендерлік бөліну келесідей: қызметкерлердің жалпы саны 258 602 адам, оның 73 253-і әйелдер; басшылар, басқарма/сектор басшыларынан бастап 26 492 адам, оның 8 837-сі әйелдер. Директорлар кеңесі мен бақылау кеңесі құрамындағы қор тобындағы әйелдердің үлесі 14 пайызды, атқарушы органдардың құрамында үлесі 15 пайызды құрайды", – деді Ауғанов.

Енді биыл бұл көрсеткішті 20%-ға және 2030 жылы 30%-ға дейін ұлғайту мақсаты тұр. Ол үшін көшбасшы әйелдерді дайындауға арналған Гендерлік теңдік модульдік оқыту бағдарламасы әзірленді.

"Астана" халықаралық форумында әйелдер көшбасшылығы тақырыбы талқыланады

2023 жылдың 8-9 маусым күндері Елордада өтетін "Астана" халықаралық форумында әйелдер көшбасшылығы тақырыбы талқыланатын болады. Бұл тақырып форумның панельдік сессияларының біріне арналады, онда сарапшылар, үкімет, бизнес және қоғам өкілдері әйелдердің басшылық қызметтерге қатысуын ілгерілету және жаһандық мәселелерді шешудегі олардың тәжірибелерін талқылап, құнды пікірлермен бөліседі. 


Оқи отырыңыз: Биржа базары: 2022 жылы қандай компанияларға инвестиция салған тиімді?


Мұндай панельдік сессиялар әйелдер көшбасшылығының ілгерілеуіне ықпал етеді. Бұл алаң білім мен озық идеяларды ортаға салып, тың тәжірбие алмасатын тамаша мүмкіндік. Астана форумының жеке панельдік сессиясында әйелдер көшбасшылығы тақырыбының таңдалуы бекере емес. Яки аталған мәселе еліміздің қазіргі саяси күн тәртібінде өзекті және маңызды рөл атқаратынын айғақтайды. Сондай-ақ, бұл талқылау бүкіл әлемдегі әйелдердің жан-жақты дамуы мен гендерлік теңдікке жәрдемдесетін түрлі бастамаларды қолдауға өз септігін тигізеді. 

Серіктестер жаңалықтары