Қазақстанда мемлекеттік білім беру грантын алу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) екі рет тапсыру мүмкіндігі алынып тасталады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Instagram парақшасында хабарлады.
Оның айтуынша, тестілеуді бірнеше рет тапсыру талапкерлерді сапалы іріктеу міндетін толық шеше алмайды.
"ҰБТ жүйесін түбегейлі жаңғыртып, грант конкурсына қатысу үшін бір реттік тапсыруды объективті әрі түпкілікті бағалау ретінде бекіту қажет. Сонымен қатар білім деңгейін өздігінен бағалау және дайындық әдістерін уақытылы түзету үшін сынақ тестілеу жүйесі сақталады", – деді вице-премьер.
Айта кетейік, білім беру грантын алу үшін ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігі талапкерлерге 2022 жылдан бастап берілген еді.
Сонымен қатар, келесі жылдан бастап педагогикалық бағыттарға түсу кезінде ҰБТ нәтижелерімен қатар ауызша емтихандар да ескерілмек. Бұл емтихандарда талапкерлердің оқуға дайындығы мен кәсіби бейімділігіне ерекше назар аударылады.
Министр сондай-ақ ҰБТ-ны бір рет тапсыру форматына көшіру ұсынылып отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл шешім грант конкурсына қатысу кезінде әділ әрі объективті бағалауды қамтамасыз етуге бағытталған. Ал талапкерлердің дайындық деңгейін тексеру үшін сынақ тестілеу жүйесі сақталады.
Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарына Foundation бағдарламалары арқылы шартты қабылдау тәжірибесінен бас тарту жоспарланып отыр. Себебі мұндай жүйемен қабылданған студенттердің едәуір бөлігі оқу барысында қажетті шекті баллды жинай алмайды.
"ҰБТ жүйесін өзгерту – тестілеуден бас тарту емес. Бұл – дарынды талапкерлерді анықтап, әділ іріктеуге бағытталған маңызды қадам", – деп қорытындылады Аида Балаева.

