Қазақстанда жаңа энергия көздерін пайдаланатын автокөліктерге сұраныс қарқынды артып келеді. "Қазақстанның автокөлік одағы" дерегінше, 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында ресми дилерлер 708 жеңіл NEV автокөлігін сатқан. Оның ішінде 438-і – қуатталатын гибридтер, ал 270-і – толық электрлі көліктер. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2 есе жоғары көрсеткіш.
Екі ай қорытындысы бойынша мұндай көліктердің жаңа автомобильдер нарығындағы үлесі 2,6%-ға жетті.
Сонымен қатар, есепті кезеңде дәстүрлі гибридті (HEV) 107 автокөлік сатылған. Олардың басым бөлігі Toyota маркасына тиесілі. Мұндай көліктер сырттан қуаттауды қажет етпейді және іштен жану қозғалтқышы мен электрқозғалтқышты қатар пайдаланып, қозғалыс кезінде автоматты түрде ауысып отырады.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы NEV нарығы соңғы жылдары айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. Мәселен, 2024 жылы елде 1 083 электромобиль сатылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 4 242-ге жеткен. Биыл тұтынушылар арасында қуатталатын гибридтерге қызығушылық артып келеді. Бұл жаңа брендтердің нарыққа келуімен және электр көлігі мен дәстүрлі қозғалтқыштың артықшылықтарын қатар ұсынуымен байланысты.
"Қазақстанның автокөлік одағының" президенті Анар Мақашеваның пікірінше, жаңа энергия көздеріндегі автокөліктердің үлесі алдағы уақытта да өсе береді. Оның айтуынша, жақын жылдары толық электрлі көліктер нарықтың бір бөлігін әмбебап гибридтерге беруі мүмкін.
Екі ай ішінде ең жоғары сұранысқа ие болған бренд – BYD. Компания дилерлері 428 автокөлік сатқан. Екінші орынға Қазақстан нарығына жақында енген Li Auto (164 автокөлік) шықса, үшінші орында Zeekr (42 автокөлік) тұр. Ал алғашқы бестікті Geely Galaxy (28 автокөлік) мен ROX (20 гибридті кроссовер) түйіндейді.
Ең танымал модельдер қатарында BYD Song Plus DM-I гибриді көш бастады – 127 дана. Одан кейін BYD Yuan Up электрлі кроссовері (121 дана) және Li L6 (102 дана) орналасқан. Сондай-ақ үздік ондыққа BYD Chazor, BYD Song Plus EV, Li L7, BYD Sealion 7, Geely Galaxy EX5 EM-I, ROX 01 және Zeekr X модельдері енді.
USD:
482.5 / 485.3
EUR:
556.0 / 561.0
RUB:
5.85 / 6.01

