Қазақстандықтар биылғы жазда ресми дилерлерден Seal 6 седаны мен Atto 8 кроссоверін сатып ала алады. Бұл туралы BYD Kazakhstan Алматыда журналистерге арналған шарада хабарлады. Аталған көлік маркаларының екеуі де гибридті қозғалтқышқа ие.
Ресми дистрибьютордың хабарлауынша, Seal 6 седаны 120 шақырымға дейін жол жүруге жеткілікті электр батареясымен және жалпы қуаты 2 мың шақырымдық гибридті қозғалтқышпен жабдықталады. Atto 8 кроссовері болса, DM-p гибридті жүйесінің арқасында 1000 қашықтықты тоқтамай еңсере алады. Көліктің екі маркасы Қазақстанның климаттық ерекшеліктеріне орай, "қысқы пакетпен" және жергілікті тілге байланысты қазақ және орыс тілдеріндегі дыбыстық көмекшімен қамтылады. Седанның алдын ала болжамды бағасы 13-14 млн теңге шамасында болса, кроссовердің құны 20 млн теңгеге жуықтайды.
Аталған маркаларға қоса, BYD мен Mercedes-Benz-дің бірлескен жобасы – Denza бренді де Қазақстан нарығына келеді деген жоспар бар. Қазақстандық жүргізушілер бірінші кезекте бұл брендтің Bao 5 және Bao 8 модельдерін сатып ала алады.
Айта кетейік, BYD Kazakhstan бір жыл бұрын ғана қызметін бастаған болатын. Осы уақыт аралығында Қазақстанда BYD брендінің 3245 көлігі ресми түрде сатылған. Бұл сан бойынша 2025 жыл қорытындысында аталған бренд қазақстандықтар ең жиі сатып алған көліктер тізімінде 11-орында тұр.

Компания басшысы Антон Кущ өткен жылы сатылған көліктердің тең жартысы электр көліктері болса, екінші бөлігі гибридті көліктер екенін атап өтті. Мәселен, гибридті Song Plus DM-i көлігін 1543 жүргізуші иеленсе, 872 Yuan Up электр кроссовері сатылған.
Компания өкілдерінің айтуынша, елімізде электр көліктеріне бүйрегі бұратындардың саны артып келеді. Сәйкесінше, электр көліктерін қуаттау орталықтарының саны мен географиясын арттыру бойынша үлкен міндет тұр. Бұл ретте компанияның сату және дилерлік желіні дамыту жөніндегі директоры Әбдікәрім Санов 2025 жылы компания электр қуаттау орталықтарының саны 3 есе артып, 854-ке жеткенін және биыл бұл көрсеткішті тағы екі есеге өсіру жоспары барын атап өтті.
USD:
482.5 / 485.3
EUR:
556.0 / 561.0
RUB:
5.85 / 6.01
