Алматы облысы, Қапшағай көлінің жағасында өткен Red Bull Car Park Drift жарысының қазақстандық кезеңінде Петр Бородин жеңіске жетіп, ел тарихында осы жарыстың алғашқы қазақстандық чемпионы атанды.
Үш күнге созылған жарыста спортшылар Қазақстанның үздік дрифтері атану үшін бақ сынады. Классикалық жұптық дрифттен ерекшелігі – бұл жарыста пилоттар трассаны кезекпен жалғыз өтеді. Сондықтан олардан жоғары жылдамдықпен қатар, күрделі элементтерді барынша дәл орындау талап етілді.
Төрешілер әрбір жүрісті бірнеше критерий бойынша бағалады. Олардың қатарында жылдамдық, көлік сырғанауының бұрышы, қозғалыс траекториясы, бірқалыптылық, көрерменге әсерлілігі және кедергілерден дәл өту көрсеткіштері болды.

Жарыстың алғашқы күні жаттығу кезеңіне арналды. Пилоттар трассамен танысып, көліктерінің мүмкіндігін сынады. Келесі күні өткен іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 18 үздік дрифтер финалға жолдама алды. Іріктеуде Тимур Губаев бірінші орын иеленді.
22 тамызда жарыстың шешуші кезеңі өтті. Финалға шыққан пилоттар кезекпен трассаға шығып, дөңгелектерінен қою түтін қалдырды. Әрбір жаңа жүріс сайын трибунадағы тартыс та күшейе түсті.
Алдымен 18 финалистің арасынан үздік сегіздік анықталды. Кейін олардың ішінен төрт мықты дрифтер іріктеліп, чемпион атағы үшін соңғы сайысқа түсті. Нәтижесінде Петр Бородин жарыстың жеңімпазы атанса, екінші орынды Тимур Губаев, үшінші орынды Михаил Пак иеленді.

Петр Бородин үшін бұл жеңістің тарихи маңызы бар. Ол дрифт жарысының тарихында Қазақстаннан шыққан алғашқы чемпион атанды. Енді Петр Бородин жарыстың әлемдік финалында Қазақстан атынан өнер көрсетеді. Жыл соңында Сауд Арабиясында өтетін әлемдік додада ол әлемнің үздік дрифтерлерімен бірге King of Drift ("Дрифт королі") атағын сарапқа салады.
Қазіргі таңда бұл титул Оман өкілі Ахмед Аль-Амриге тиесілі. Ол соңғы әлемдік финалда Маскатта жеңіске жетіп, "Дрифт королі" атанған болатын.