Тікелей эфир

Қазақстанда балалар үйінен асырап алған сәбилерді кері қайтару жиіледі

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елде ата-ана қомқорлығынсыз қалғандардың саны 22 мыңнан асады.

Соңғы 5 жылда балалар үйінен асырап алған сәбилерді кері қайтару көрсеткіші 64 пайызға артқан. Сонымен қатар, бала асырап алу көрсеткіші де баяулаған. Мысалы, патронат тәрбиешілер саны 23 пайыз азайса, бала асырап алушылар саны 5 есе азайған. 2017 жылы 168 кәмелетке толмаған бала асырап алынса, 2021 жылы тек 31 бала ғана қамқоршылардың қолына берілген. Бұл мәліметтерді 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасай отырып хабарлады. 

Арна тілшісінің мәліметінше, былтыр Қарағанды облысында асырап алынған 8 баланы жаңа ата-аналары балалар үйіне кері қайтарған. Облыстық әкімдіктің қамқоршылық бөлімі мамандарының айтуынша, мұндай жағдайға көбіне ата-ана мен бала арасындағы келіспеушілік себеп болады.

Алайда, мамандар қамқорлыққа алынып, артынша балалар үйіне қайта қайтарылған баланың психологиясы қатты өзгеретінін айтады. Себебі, баланың үйренген адамдары мен ортасынан ажырап, жаңа ортаға сіңісуіне біршама уақыт керек. Ал асыраушылар балаға қатыгездік танытып, қорлық көрсетілгені анықталса, келісімшарт бұзылып, ата-ана жауапқа тартылады.

"Адам әртүрлі болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын асырап алған баласына қатыгездік көрсеткен отбасы анықталды. Бала бірден балалар үйіне қайтарылды", – дейді Қарағанды облысы білім басқармасы қорғаншылық, қамқоршылық бөлімінің бас маманы Бақытгүл Игенова. 


Оқи отырыңыз: 2023 жылы балаларға арналған жәрдемақы қаншаға өседі?


Ал психологтар баланың балалар үйіне қайта оралуын асырап алушыдан көре беруге болмайтынын айтады. Себебі, кей жағдайда асыранды балалар ата-анаға манипуляция жасауы мүмкін. 

"Асырап алған бала сәл айтқаны болмаса, қайтадан интернатқа қашып кетуге дайын тұрады. Неге? Өйткені, ол бейсаналы түрде жаңа ата-анасына жау ретінде қарайды. Өйткені, оның білетіні – өз ата-анасының тастап кеткені. Бұл ол үшін ең үлкен қасірет", – дейді психолог Миргүл Бимағамбетова.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елде ата-ана қомқорлығынсыз қалғандардың саны 22 мыңнан асады. Оның ішінде 1816 бала патронаттық тәрбиеде. Дәл осы патронаттық тәрбиеге алынған әр балаға Үкімет ай сайын 34 500 теңге көлемінде жәрдемақы, патронаттарға ай сайын 60 мың теңгеден астам жалақы төлеп отырады. 

Серіктестер жаңалықтары