Тікелей эфир

Қазақстанда америкалық 600 компания жұмыс істейді. АҚШ бизнесті дамытуға неге мүдделі?

2018 жылдан бері Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-саттық айналымы 4 млрд АҚШ долларына жеткен.

АҚШ сауда министрінің жаһандық нарықтар бойынша көмекшісі және АҚШ-тың сауда қызметінің бас директоры Арун Венкатараман америкалық компаниялар делегациясын бастап Алматыға келді.

"Қазақстанға іскерлік-коммерциялық қатынастар орнату мақсатында АҚШ компанияларынан құралған делегацияны бастап алғаш рет келдім. Қазақстанмен сауда қатынастарын дамытқысы келетін америкалық компанияларды барынша қолдаймыз. Казахстаном. Екі елдің компаниялары үшін бизнесін, сауда қатынастарын дамытуға мүмкіндіктер, жобалар жетіп артылады. Қазақстанда АҚШ-тың 600-ден астам компаниясы табысты жұмыс істеп келеді. 2018 жылдан бері сауда-саттық айналымы 4 млрд АҚШ долларына жетті, яғни екі есе өсті. Америкалық компаниялардың көпшілігі мұнай-газ саласында істейтіндей көрінгенімен, біз бұл салада ғана емес, энергетика, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы саласында да бірге өсуді көздейміз", – деді АҚШ-тың сауда қызметінің бас директоры Арун Венкатараман.

АҚШ үкіметінің "Trade Winds" бағдарламасы аясында жыл сайын америкалық компаниялардың, дипломаттар мен сауда сарапшыларының басын қосатын сауда миссиясы мен бизнесті дамыту форумы өтеді. Бағдарлама аясында бизнес пен үкімет өкілдері кездесіп, сондай-ақ жергілікті әлеуетті серіктестермен, жеткізушілермен және дистрибьютерлермен байланыс орнату мақсатында кездесулер ұйымдастырылады. 

АҚШ сауда министрінің көмекшісі Арун Венкатараман / Фото: АҚШ Бас консулдығы

Арун Венкатараман Қазақстан нарығы туралы ақпараттың болмауы америкалық компанияларға кедергі екенін, сондықтан оларды ақпараттандыратын Алматыда кеңсе бар екенін атап өтті. 

"Қазақстан үкіметімен инвестициялық ортаны жақсарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Америкалық компанияларға Қазақстан заңнамасын түсіндіріп, қандай ержелерді сақтау қажет екенін айтамыз. Алайда біз оларға қайда жұмыс істеуді, қай салаға инвестиция салуды талап ете алмаймыз. Дегенмен Қазақстан үкіметімен маңызды салаларды, қойылатын талаптарды, мүмкіндіктерді талқылаймыз. Америкалық компаниялар Қазақстан үкіметі қоятын міндеттерді орындап, барлық қағиданы сақтауға тырысады", – деді Арун Венкатараман.

Оның айтуынша, Қазақстанда бизнесін дамытқысы келетін америкалық компаниялар қатары арта түскен. 

"Америкалық компаниялар Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отыр. Неге десеңіз, мұнда шетелдік инвесторларды тарту мақсатында инвестициялық климатты жақсарту жұмыстары жасалып жатыр. АҚШ та инвестиция тартуға мүдделі. Біз жыл сайын инвестициялау бойынша әртүрлі елдің компаниялары қатысатын саммит өткіземіз. Биыл Қазақстаннан да делегация келеді. Екі ел арасындағы өзара сауда-саттық қатынасын нығайту үшін жұмыс істей береміз", – деді АҚШ сауда министрінің көмекшісі.

Trade Winds сауда конференциясы 2008 жылдан бастап өткізіледі. Конференцияның бас кеңсесі Ыстамбұлда орналасқан. Бұл жолы Алматыда өтіп жатыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
1

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары