Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны аяқталды. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, биыл 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат әскери қызметке шақырылды.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, көктемгі шақыру науқаны барысында 21 мыңнан астам жас әскери қызметке жіберілді.
Олардың ішінде:
- 11 мыңнан астамы – Қарулы күштер қатарына;
- 7 мыңнан астамы – Ұлттық ұланға;
- 2 мыңға жуығы – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне;
- 400 адам – Төтенше жағдайлар министрлігіне;
- 300 азамат – Мемлекеттік күзет қызметіне жолданды.
Министрлік мәліметінше, әскери қызметке шақыру туралы хабарламалар азаматтарға SMS-хабарлама және eGov порталындағы жеке кабинеті арқылы жіберілген. Ал әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату рәсімдері автоматты түрде жүргізілген.
Ведомствоның айтуынша, әскери қызмет барысында жастар еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын меңгере алады. Сонымен қатар сарбаздарға әскери қызмет кезеңінде несие төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған.
Жауынгерлік даярлықта жоғары нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім грантымен түсе алады. Ал қалған сарбаздарға жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне ҰБТ тапсырмай-ақ құжат тапсыру мүмкіндігі беріледі.