Әскерде ауыр ми жарақатын алып, екі жарым жылдан астам уақыт өмірі үшін күрескен мерзімді әскери қызметші Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Бұл туралы оның отбасының мүддесін қорғаған адвокат Инга Иманбай Facebook парақшасында хабарлады.
Адвокаттың айтуынша, Ербаянның жүрегі тоқтап қалған.
"Өкінішке қарай, бүгін Ербаянның жүрегі тоқтағанын білдік. Бұл жазба тек қоштасу үшін емес. Ербаян осы екі жыл ішінде өмірі үшін күресе жүріп, мыңдаған сарбаздың тағдырына әсер етті. Оның оқиғасынан кейін әскердегі көптеген мәселе ашық айтыла бастады. Бұрын үнсіз келген ата-аналар өз пікірін білдірді, қоғам талап қоя бастады, ал мемлекеттік органдар жауап беруге мәжбүр болды. Кейде бір адамның тағдыры тұтас жүйені өзгертуге ықпал етеді. Ербаян сондай азаматтардың бірі болды", – деп жазды Инга Иманбай.
Ербаян Мұхтар 2023 жылдың желтоқсанында кома жағдайында ауруханаға түскен. Ол қызмет еткен Ұлттық ұланның әскери бөлімінде сарбаздың дәретханада құлап, басын кафельге соғып алғаны хабарланған болатын. Алайда оның ата-анасы Ербаянның жарақаты соққыға жығылудың салдарынан болғанын айтып, осы нұсқаны дәлелдеуге тырысты.
2024 жылдың маусымында Бас әскери прокуратура істің "Әскери қызметшілер арасындағы жарғылық қарым-қатынас қағидаларын бұзу" бабы бойынша тергеліп жатқанын мәлімдеген еді. Ұлттық ұлан тергеу барысы Ішкі істер министрлігі Әскери-тергеу департаменті басшылығының бақылауында екенін хабарлаған.
Ербаянды емдеуге қазақстандықтар шамамен 230 млн теңге жинаған. Ол 2025 жылдың қаңтар және қараша айларында Түркияда ем қабылдады.
2026 жылдың мамыр айының соңында жағдайының күрт нашарлауына байланысты Ербаян Мұхтар Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына шұғыл түрде жатқызылған болатын.
