Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 21,5 млн-ға дейін, ал 2050 жылға қарай 27,7 млн-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамдау департаментінің сарапшылары жасаған талдауда белгілі болды.
"Егер өлім мен туу көрсеткіштері 2021 жылғы деңгейде, ал сыртқы және өңіраралық көші-қон 2017-2021 жылдардағы орташа мәнде сақталса, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20 млн 958 мың адамға, ал 2050 жылға қарай 27 млн 192 мың адамға жетеді", – деп атап өтті департамент директоры Дмитрий Шумеков.
Ол болжамдау департаменті таңдалған базалық жылға, туу деңгейіне, өлім-жітімге және көші-қонға байланысты әр өңір бойынша 27 негізгі сценарийді болжайтынын атап өтті. Сондай-ақ, халық санын осы негізгі көрсеткіштер шеңберінен тыс модельдеуге мүмкіндік беретін механизм жасалған. Мысалы, туу көрсеткішін жоғарылату немесе өлімді белгілі бір пайызға төмендету.
Оқи отырыңыз: Ресей империясының алғашқы халық санағы. Қазақ демографиясынан қызық деректер
Дмитрий Шумековтың мәліметінше, 2030 жылға қарай орталық сценарий бойынша халық саны Нұр-Сұлтан қаласында – 1,7 млн адамға дейін, Алматы қаласында – 2 млн 466 мың адамға дейін, Шымкент қаласында 1,5 млн адамға дейін өседі. Түркістан облысында – 207 мың адамға, Маңғыстау облысында – 170 мың адамға, Алматы облысында – 145 мың адамға ұлғаяды.
Ал Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарында халық санының қысқаруы күтілуде.
Департамент сарапшыларының есептеріне сәйкес, 2050 жылға қарай өсу бойынша көшбасшы Шымкент қаласы болып, халық саны 2,8 млн адамға жетеді немесе 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артады. Нұр-Сұлтан қаласында – 2,9 млн тұрғын болады. Алматы қаласында тұрғындар саны 3,5 млн адамға дейін өседі. Мегаполистер қатарына Маңғыстау облысы қосылып, өңірдегі халық саны 1 млн 571 мың адамды құрайды.
Оқи отырыңыз: 25 жылда Қазақстан өңірлерінде халық саны қалай өзгерді? Инфографика
"Біздің болжамымыз бен БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің жаңа демографиялық болжамы ұқсас және сценарийге байланысты халық санының 2030 жылға қарай 20,8 млн-нан 21,5 млн адамға дейін, ал 2050 жылға қарай 23,5 млн-нан 27,7 млн-ға дейін өсуін болжайды", – деді Дмитрий Шумеков.
Жалпы, БҰҰ сарапшыларының сараптамасына сәйкес, осы жылдың қараша айында әлемдік халық саны 8 млрд адамнан асатынына қарамастан, соңғы уақытта өсімнің біртіндеп баяулауы байқалады. Мәселен, 2019 жылы халық өсімі 76 млн адамды құраса, 2021 жылы 68 млн адам болды.