Тікелей эфир

Ресей империясының алғашқы халық санағы. Қазақ демографиясынан қызық деректер

Материалды Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының баспасөз қызметі ұсынды.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында 1904 жылы шыққан Торғай облысына қатысты статистикалық жинақ бар. Ол бүгінгі күні сирек кездесетін құжаттар санатында. Тарихи мән-маңызы зор. 1897 жылы Ресей империясында алғашқы халық санағы жүргізілген еді, соның негізінде облыстағы халықтың демографиялық, әлеуметтік жағдайы айқындалған.

Торғай облысына қатысты статистикалық жинақ 1904 жылы жарыққа шыққан

Бұл маңызды құжатта былай делінген: "Торғай облысы 1865 жылы құрылған, ол кезеңде орынборлық қырғыздардың (қазақтардың – автор) облысы екіге, яғни, Орал және Торғай облыстарына бөлінген еді. Әкімшілік тұрғыдан облыс төрт уезден тұрады: Торғай, Ырғыз, Қостанай мен Ақтөбе уездері".

Бұл құжатта халықтың 90 пайызы – көшпенділер делінген.

  • халықтың 91,71% – мұсылмандар;
  • 8,20% – православ дініндегілер;
  • Басқа діндегілердің үлесі мардымсыз, небары – 0,09%.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы халық саны мен ел демографиясы туралы қызықты деректер


Жалпы сол замандағы ең ірі облыстардың бірі – Торғайда 25 халықтың өкілі тұрған екен. Санақта келтірілген қазақ халқы мен басқа да ұлт өкілдерінің сандық көрсеткіші олардың ана тілінде сөйлеу деңгейін де аңғартады. Енді қараңыз, осыдан шамамен 120 жыл бұрын аймақтағы халықтың:

  • 90,63% – қырғыз (қазақ) тілінде;
  • 6,71% – орыс тілінде;
  • 0,71% – татар тілінде;
  • 0,35% – башқұрт тілінде сөйлеген.

Сондай-ақ, жинақта некедегі азаматтармен қатар, бойдақ, ажырасқан, жесір қалғандардың да саны келтірілген. Қалаларда бойдақтардың көптігі, ал ауылдарда мұсылмандық салт-дәстүрдің арқасында үйленгендердің басымдығы айтылады. Ал ажырасқандар санының аздығына свод жасаушылардың өздері таңырқаған: қалаларда небары 7 адам ажырасқан, ал уездерде – 214 адам некесін бұзған, бұл халықтың 0,05 проценті делінген.

Білім жағына келсек, облыстағы халықтың небары 4,5 проценті білім алған, оның ішінде:

  • ер азаматтардың – 7,52 проценті;
  • ал әйел азаматтарының – 1,18 проценті оқып-тоқыған.

Ал қалаларда бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болған:

  • ерлердің 33,80 проценті;
  • әйелдердің 14,45 проценті білім алған.
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары