Мемлекет басшысының Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық өндірісті дамыту және импорттың үлесін қазақстандық өнімдермен ауыстыру жөніндегі тапсырмасының аясында Түркістан облысында жақсы бастамалар жолға қойылып келеді.
Солардың бірі – Қазақстан бойынша бала жөргегін өндіретін жалғыз фабрика иесі – Capable Group компаниясы. Ол жылына 15-тен астам бренд аясында 175 миллион жөргек өндіріп, оны Қазақстан өңірлерінен бөлек, Ресей, Өзбекстан, Латвия және Катар нарығына шығарып отыр.
Фабриканың тағы бір ерекшелігі – инклюзивтілікті белсенді қолдайды. Мұнда 100-ден астам адам жұмыс істейтін болса, басым бөлігі – мүмкіндігі шектеулі жандар.
Отандық зауыттың өндірістік қуаты мен болашақ жоспарлары туралы шағын экскурсия аясында компанияның құрылтайшысы Баянсұлу Төрегелдіқызы баяндап берді.
Оның айтуынша, фабрика бүгінде жапон технологиямен жұмыс істейді. Өндіріс 2021 жылдың күзінде іске қосылса, ол кезде италиялық технологиялар қолданылған. Оны Жапонияның үздік техникаларымен ауыстыру өндірісті минутына 1000 дана жөргек шығару мүмкіндігіне жеткізген.
"Қазір жөргектер екі желіде өндіріледі. Дегенмен, болашақта олардың санын 50-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл болашақта қазақстандық жөргектердің әлемнің көптеген еліне экспортталуына жол ашады деген сеніміміз мол. Әрине, Қазақстан үшін бұл – жаңа сала. Әлемдік брендтермен бәсекелесу оңай емес. Десе де, біздің отандық өніміміз сапа жағынан олардан еш кем түспейді. Қызметкерлеріміз де білікті, олардың алды Түркия, Қытайда арнайы тағылымдамадан өткен мамандар. Сондықтан, озық технология және мықты кадрлық құрам бізді мақсатымызға жеткізеді деп үміттенемін", – деді фабрика басшысы Баянсұлу Төрегелдіқызы.
Айта кетейік, биылдың басты жаңалығы – компанияның өткізу нарықтарының қатарына Латвияның қосылуы болды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімдігі де сүйіншілеп хабарлаған болатын. Компанияның Altyn bala, Oh,Diapers жөргектері жыл басынан бері Латвияның нарығында сатылып жатыр.
USD:
507.5 / 510.9
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.51 / 6.63

