Тікелей эфир

Парламентте отандық өндірісті қолдау үшін заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды

Барлығы төрт бөлім бойынша сауда қызметін реттеу және монополияға қарсы заңнама саласында 40-тан астам ұсыныстар пакеті ұсынылды.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде қазақстандық тамақ өнімдерін өндірушілердің салалық одақтары бастамашылық еткен отандық өндірушіні қорғау туралы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша түзетулер мен ұсыныстар енгізу қажеттілігі туралы мәселе қаралды. Барлығы төрт бөлім бойынша сауда қызметін реттеу және монополияға қарсы заңнама саласында 40-тан астам ұсыныстар пакеті ұсынылды. Бұл елдің ішкі нарығын қорғау, отандық өндірісті дамыту және қазақстандық тауарлардың импорттық тауарлармен әділ бәсекелестігі үшін жағдай жасау үшін қажет, деп атап өтті түзетулердің бастамашылары. 

Мәжілісте "Аманат" партиясының АӨК жөніндегі республикалық кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетовтің басшылығымен отандық өнімдерді өндіру мен өткізу саласына жетекшілік ететін салалық одақтардың, мемлекеттік органдар мен министрліктердің және "Атамекен" ҰКП өкілдері жиналды. Сондай-ақ, талқылауға қазақстандық заңнаманың сапасын арттыру мәселесін міндетке алатын ҚР Президенті Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институтының сарапшылары қосылды.

Бұл жиында мәжілістің қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша салалық одақтардың ұсыныстарын қарауға дайын екендігі және бұл міндет Мәжіліс жұмысының жоспарында көзделгені атап өтілді. Келесі отырыста осы ұсыныстар пакеті заңгерлер үшін қолайлы тұжырылымдамада ұсынылуы тиіс. Салалық одақтар осы құжатты дайындауды Парламентаризм институтының сарапшыларымен бірлесіп жүргізеді және ұсыныстардың барлық пакетін заң тұрғысынан мұқият пысықтайды деп шешілді.   

"Біз өндірушілермен екі бағытта жұмыс істеуге келістік. Біріншісі – азық-түлік қауіпсіздігі туралы жаңа заңды әзірлеуге қосыламыз, сонымен бірге халықаралық тәжірибені жан-жақты зерттеп, талдаймыз. Екіншісі – Парламентаризм институтының сарапшыларымен бірге салалық одақтардың ұсыныстарын мұқият қарастырып, оларға ҚР Парламенті Мәжілісінде одан әрі қарау үшін қолайлы заң нысанын береміз. Бұл отандық өндірісті қолдауға және нарықты қорғауға бағытталған өте маңызды жұмыс. Ол бүгінде шамадан тыс либералды ережелерге байланысты отандық өндірістің пайдасына емес, импорттық өнімді жеткізушілердің мүддесі үшін жұмыс істейді. Бұл мәселеде дұрыс мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету қажет, біз мұны азық-түлік қауіпсіздігі мен қазақстандықтардың денсаулығы мүддесінде жасауға дайынбыз", – деп пікірімен бөлісті Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов.


Оқи отырыңыз: Мемлекеттік кіріс департаменті мүлік салығы бойынша борышкерлерге қандай қауіп төнетінін еске салды


Парламентаризм институтының Қаржы және корпоративтік заңнама орталығының бастығы Маржан Жиенбаева заңнамаға түзетулер пакеті жұмысыңа қосылуға дайын екенін растады.

"Азық-түлік секторының салалық одақтарының өкілдерімен бірлесіп біз енгізілетін әрбір түзетуге мұқият сараптамалық-құқықтық талдау жүргіземіз", – деп ойымен бөлісті Маржан Жиенбаева.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рахымжанованың айтуынша, әкелінетін импорттық тамақ өнімдерінің сапасына қатаң бақылауды қамтамасыз ету аса маңызды мемлекеттік міндет болып табылады.

"Қазіргі уақытта Қазақстанның мемлекеттік органдарында импорттық азық-түлік өнімдерінің барлық жеткізілімдерін қадағалауға мүмкіндік беретін бірнеше деректер базасы бар. Бүгінгі таңда әрбір уәкілетті орган ақпараттық жүйелердің деректерін біріктіру бойынша жұмыс жүргізуде және ол аяқталғаннан кейін импорттық өнімнің сапасын бақылау жаңа деңгейде қамтамасыз етілуі мүмкін", – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

Өз кезегінде, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев азық-түлік қауіпсіздігі және отандық өндірушіні қолдау мәселелерінің маңыздылығы туралы айтты.


Оқи отырыңыз: Премьер-министр Әлихан Смайылов Қытайға жұмыс сапарымен барды


"Біз әртүрлі өңірлерде импорттың қысымы жүріп жатқанын көріп отырмыз, мысалы, импорттық шұжық 1 мың теңгеден сатылса, біздің шұжықтың құны 2500. Бірақ оның құрамын қарасаңыз, онда тері, ұнтақталған сүйектер бар. Сондықтан біз ішкі нарықты қорғау және сауда сөресінің 30-50 пайызын қазақстандық тауарларға бөлу тақырыбын қолдаймыз", – деп атап өтті Қуаныш Елікбаев. 

Азық-түлік нарығын бақылаудың жеткіліксіздігі туралы пікірталас барысында бірқатар бизнес және мемлекеттік органдар өкілдері сөз сөйледі.

"Атамекен" ҰКП өкілі Жандос Бидайбеков "Аманат" партиясы мен салалық одақтардың ұстанымын қолдап, реттеуші тәжірибеде озық халықаралық тәжірибені кеңінен қолдану қажет екенін, атап айтқанда көршілердің тәжірибесі де пайдалы болуы мүмкін екенін атап өтті. Ол Қырғызстанның заңнамалық базасын ішкі нарықты қорғау және бақылау мәселелерінде зерделеуге кеңес берді – көрші елде олар өз өндірушілерін тиімді қорғауды үйренді. Оның айтуынша, қазір мемлекеттік органдар мен бизнес нарықты мұқият бақылау және ҚР сапалық талаптарына сәйкес келмейтін барлық импорттық өнімдер үшін шектеу шараларын енгізу үшін өз күштерін біріктіруде.

"Көптеген айлар бойы біз қолдау іздедік және бүгін парламентшілерге тамақ өнімдерін өндіру секторының проблемаларына назар аударғаны үшін алғыс білдіреміз. Біз дайындаған заңнамаға енгізілген түзетулер жергілікті супермаркеттерде отандық азық-түлік өнімдерін сатудың әділ ережелерін белгілеуге көмектесіп, біздің кәсіпорындарымызға толық қуатта жұмыс істеуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз, себебі бұл мүмкіндік бізде әлі де жоқ", деп атап өтті Қазақстанның Сүт одағының директоры Владимир Кожевников.  

Отырысқа қатысушылар заңнамалық базаны жетілдіру жөніндегі барлық қадамдарды тығыз үйлестіру және әрбір нақты ұсынысты талдау үшін бизнеспен тұрақты өзара іс қимыл жасау туралы уағдаласты.               

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары