Үндістан Республикасының жетпіс жетінші Республика күніне орай Үндістан елшілігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің ұйымдастыруымен мерекелік шара болып, оған Үндістан елшісі Сайлас Тангал және Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Жәнібек Әбдірашов қатысты.
"Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет қана емес, сондай-ақ Үндістанның өңірдегі ең ірі сауда серіктесі. Екіжақты сауда айналымы шамамен 1 миллиард АҚШ долларын құрайды. Алайда, бұл мүмкіндігімізден әлдеқайда төмен, оны өсіру қажет. Біз IT және финтех, жасанды интеллект, стратегиялық маңызды минералдар, фармацевтика және денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, азық-түлік, тоқыма, құрылыс, энергетика, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері, логистика салаларында өзара байланысқа зор мүмкіндіктер көріп отырмыз. 2025 жылы Қазақстанға келген үндістандық туристердің саны 250 мыңға жетті. Бұл ретте Үндістан үкіметі туристік, медициналық мақсатта Қазақстан азаматтарына 30 күнге дейін тегін виза беру туралы шешім қабылдағанын қуана хабарлаймын", – деді Үндістанның Қазақстандағы елшісі Сайлас Тангал.
Өз кезегінде Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Жәнібек Әбдірашов Үндістанның айрықша тарихи және мәдени мұраға ие ел екенін атап өтті.
"Қазақстан мен Үндістанның 30 жылдан астам дипломатиялық қарым-қатынасы екі елдің мазмұнды әріптестігінің берік негізін қалады. Мұны халықаралық және өңірлік форматтардағы конструктивті саяси диалогтан анық байқауға болады. "Орталық Азия – Үндістан" диалогы өзара түсіністік пен әріптестікті дамытуды тереңдететін маңызды платформаға айналды", – деді Жәнібек Әбдірашов.
Шарада қатысушылар Астанадағы Swami Vivekananda мәдени орталығының әртістері дайындаған "Ванде Матарам" атты мәдени бағдарламаны тамашалады.
USD:
463.1 / 465.9
EUR:
543.0 / 548.0
RUB:
6.05 / 6.17

