Қазақстан мен Түркия инвесторлары өзара мемлекеттік облигациялар нарығына тікелей қол жеткізе алады

Фото: Қазақстанның Орталық депозитариі
Фото: Қазақстанның Орталық депозитариі
Тараптар өзара шот ашу туралы келісімге қол қойды.

Қазақстанның Орталық депозитариі мен Merkezi Kayıt Kuruluşu A.Ş. Түркияның орталық бағалы қағаздар депозитарийі және сауда репозиториі екіжақты байланыс орнатты. Бұл байланыс нарық қатысушыларына Түркия мен Қазақстан қаржы құралдарына тиімді әрі қауіпсіз қол жеткізуге мүмкіндік береді. 

Алматыда өтіп жатқан WFC2025 форумы аясында Қазақстан мен Түркияның Орталық депозитарийлері мүшелік және өзара шот ашу туралы келісімге қол қойды. Техникалық интеграция аяқталғаннан кейін жүйе толықтай іске қосылады. Жаңа құрылым омнибустық шоттар арқылы мемлекеттік қарыздық бағалы қағаздарын сақтау мен есеп айырысуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл пост-трейд тиімділігін арттырады, операциялық кедергілерді азайтады және трансшекаралық қатысуды кеңейтеді. Өтімділікті қалыптастыруды қолдау үшін жасалған бұл көпір екі нарық арасындағы интеграцияны одан әрі нығайтады.

"MKK-пен ынтымақтастық қазақстандық инвесторларға Түркияның мемлекеттік облигациялар нарығына тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді, сонымен қатар түрік инвесторларын біздің капитал нарығымызға тартады. Бұл трансшекаралық инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтумен қатар, пост-трейд тиімділігін арттырып, капитал нарықтарымыз арасындағы ынтымақтастықты тереңдете түседі", – деді KCSD басқарма төрағасы Еділ Медеу. 

MKK бас директоры және директорлар кеңесінің мүшесі доктор Экрем Арыканның айтуынша, Қазақстанның Орталық депозитариімен орнатылған бұл тікелей байланыс бауырлас еліміздің қаржы инфрақұрылымымен интеграцияны кеңейтіп, өңірлік байланыстарды дамытады. 

"2021 жылы Әзербайжанның Орталық депозитариімен құрылған екіжақты байланыстың жалғасы ретінде KCSD-мен орнатылған көпір Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің нарықтарын интеграциялаудағы келесі маңызды қадам болып отыр. Бұл біздің ұйымға мүше елдердің барлық қаржы инфрақұрылымдарымен байланыс орнату стратегиялық мақсатымызды ілгерілетеді және ортақ қаржы инфрақұрылымын құруға жол ашады. Омнибустық шоттар арқылы мемлекеттік қарыздық бағалы қағаздарына өзара қол жеткізу қатысуды жеңілдетіп, пост-трейд тиімділігі мен өтімділігін арттырады және екі ел мен өңірлік нарықтағы халықаралық инвесторлардың қатысуын кеңейтеді деп күтеміз", – деді ол. 

Еске салайық, биылғы форумның негізгі тақырыбы – "Бағалы қағаздар орталық депозитарийлерінің эволюциясы: пост-трейдингтік инфрақұрылымның қиындықтары, мүмкіндіктері және болашағы". 


Оқи отырыңыз: Алматыда Бағалы қағаздар орталық депозитарийлерінің дүниежүзілік форумы басталды


 

Серіктестер жаңалықтары