Тікелей эфир

"Қазақша диссертациялар үлесі 1 пайыздан кем". Қазақ тілінде оқулық жазу неге қиын?

Тіл ғалымы Анар Фазылжанның айтуынша, жаратылыстану бағытындағы қазақ тілі оқулықтарына арналған материалдар жетіспейді.

Қазақстанда ғылыми жұмыстардың бір данасы міндетті түрде қазақ тілінде жазылуы керек. Қазір жаратылыстану саласындағы қазақ тіліндегі диссертациялар үлесі бір пайыздан кем. Осының себебінен оқулықтарға қажет материал жоқ, деп мәлімдеді Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан. 

"Қазақстанда қорғалатын техника, әсіресе, жаратылыстану саласындағы диссертациялардың 1 пайыздан кемі ғана қазақ тілінде жазылады. Мектеп оқулықтарына жаратылыстану саласы бойынша мәтін іздесек, ешнәрсе таппаймыз. Барлығы не орыс, не ағылшын тілінде жазылған. Бұл өз ұлтын сүймеу, өз тілінде сөйлейтін ұрпағын менсінбеу деген сөз. Осындай үдерістерге ден қоюымыз керек. Қазір "Қазақ тілі ғылым тілі бола алмайды" деген пікірлер көп айтылатындықтан, тіліміздің даму үдерістеріне тоқталғым келеді", – деді Анар Фазылжан. 

Ғалымның айтуынша, қазақ тілінің ғылым тілі болып қалыптасуына форма алуандығы, қазақ тілінің сөйлеушіге емес, тыңдаушыға арналғандығы және жастардың заманға икемдеп қолдануы көп септігін тигізеді. 


Оқи отырыңыз: Coursera платформасындағы 50 курс қазақ тіліне аударылды


"Қазақ тілінде форма алуандығы бар және ол сөйлеушіге емес, тыңдаушыға икемді тіл. Ғалымдар қазақ тілінің тыңдаушыны сүйетінін дәлелдеді. Мысалы, бала, әйел, ер адамға арналған әртүрлі амандасу формасы бар. Мұнымен қатар, тіл заманауи коммуникацияға икемделіп, ішкі қоры жаңарып жатыр. Жастар "лайк басу" деген сөзді "лайық басу" деп айтады. Бұрын "шаңырақ, береке, отау, бәйбіше" деген сөздер этнографизм бірлігі ретінде қабылданса, қазір оны кеңінен қолданады. Осы секілді үдерістер қазақ тілінің ғылым тілі бола алатынын дәлелдеп отыр", – деді ғалым. 

Десе де, Анар Фазылжан үдеріспен қатар проблемалардың да барын айтады. Ол – тілдік трансмиссия мәселесі, яғни ұрпақтан ұрпаққа берілуі.   

"Бір отбасында атасы-әжесі, әкесі-анасы және баласы бар делік. Олардың тілдік білімі әртүрлі. Атасы мен әжесі қазақша тамаша сөйлеуі мүмкін, орта буын шала-шарпы, ал жастар не орысша, не ағылшынша сөйлейді. Тілдік трансмиссияны күшейтуді қолға алудың бір жолы ғылыми сананы ұлттық тілде дамыту. Оның үстіне қазақ тілінің постиндустриалдық қоғам талаптарына сәйкес жаңғыруы өте баяу жүріп жатыр. Өйткені, ғылым қазақ тілінде жасалмайды. Мұны заңнама тұрғысында шешіп, нормативтік база шығаруымыз керек. Қазақстанда қорғалатын диссертациялар мен ғылыми жұмыстардың бір данасы міндетті түрде мемлекеттік тілде жазылып, мәтіні тиісті жерге өткізілуі керек", – деп ұсынды Анар Фазылжан. 


Оқи отырыңыз: Қазақ тілі қайтсек қажет тіл болады? Сараптама


 

Серіктестер жаңалықтары