Тікелей эфир

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әр оқу орнына жедел уәкіл бекітілді

Ата-ана міндетін дұрыс орындамаған 12 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Оқушылар арасындағы заңсыз әрекеттердің жолын кесу үшін әр білім ордасына жедел уәкілдер бекітілді. Кәмелетке толмағандар тарапынан бопсалаудың 40 фактісі тоқтатылды, деп мәлімдеді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Әсет Оспанов.

"Әр оқу орнына ювеналды полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдер бекітілді. Олар алдын алу жұмыстарын жүргізеді, оқушылар арасында заңсыз әрекеттерді анықтайды және жолын кеседі. Оқу жылының басынан бастап қоғамға жат әрекеттер жасайтын 1400-ден астам "көшбасшы" анықталды. Олардың барлығы ішкі істер органдарының бақылауына алынды. Кәмелетке толмағандар тарапынан бопсалаудың 40 фактісі тоқтатылды", – деді Әсет Оспанов. 

Мұнымен қатар, ол балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін анықтау мақсатында полиция әрекеттерінің қадамдық алгоритмі әзірленгенін хабарлады. Оған сәйкес әкімшілік учаскені, ауланы аралау кезінде балалар өгей әкелерімен және өгей шешелерімен бірге тұратын отбасыларға ерекше назар аударылады.


Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында мектеп директорлары 50-ден астам мұғалімді конкурссыз қабылдаған


"Өткен жылдың желтоқсан айында мемлекеттік органдармен бірлесіп зорлық-зомбылыққа, қорқытуға (буллингке), кибербуллингке ұшыраған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету жөніндегі арнайы әдістеме бекітілді. Өңірлердің әкімдіктері жанынан балаларға қатысты зорлық-зомбылықты анықтау және оған ден қою үшін ведомствоаралық мобильді топтар құрылды. Оларға бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары кіреді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған 2 мыңнан астам отбасы анықталды, олар туралы ақпарат
мүдделі мемлекеттік органдарға жолданды", – деді басқарма басшысы. 

Сондай-ақ тексеріс барысында өз міндетін дұрыс орындамайтын 6 мың ата-ана анықталған. Оларға қатысты кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияларда 1800 материал қаралды. Нәтижесінде соттар 600-ден астам адамды ата-ана құқықтарынан айырды және 340 адамды шектеді, ата-ана міндетін дұрыс орындамағаны үшін 12 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары