Тікелей эфир

Қарағанды облысында екі баланы ит талап, 3 жасар бала қайтыс болды

Биыл өңірде мыңнан астам адамды ит қапқан.

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында ит талаған 4 жасар баланың беті бері қарады. Дәрігерлер оған ота жасап, терісінің жыртылған жерлерін тігіп шыққан. Қазір жағдайы қалыпты. Алайда оның 3 жасар інісі қайтыс болды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жантүршігерлік оқиға өткен жұмада болған. Үй иесі байлаулы тұрған итін шынжырынан босатып, еркіне жіберіпті. Ал сол үйге елордадан қонаққа келген бір үйдің екі баласы итпен алаңсыз ойнаған. Бірақ, бір мезетте төбет бүлдіршіндерге шабуыл жасап, қатты талап тастаған. Соның салдарынан үш жасар бала қайтыс болып, оның ағасына ота жасалып, аман қалды.

"Бас терісі мен беті, көздерінің айналасы жыртылған. Бірден ота жасалып, кейін палатаға жатқызылды. Қазір баланың жағдайы қалыпты. Орташа ауыр жағдайда деп бағаланып отыр. Барлық ем-дом шаралары жүргізіліп жатыр. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ", – деді Қарағанды облысы травматологиялық орталығының жетекшісі Ерік Шонбаев.


Оқи отырыңыз:


Балаларды талаған төбеттен құтыру ауруы мен түрлі инфекцияға сараптама алынып, тексеріліп жатыр. Биыл облыста мыңнан астам адамды ит қапқан. Ал жыл басталғалы ветеринарлар адамға қауіп төндірген 6 400 қаңғыбас итті атқан.

"Балаларды талаған итті 10 күн қамап, бақылау жасаймыз. Егер онда инфекциялық ауралар анықталса, көзін жоямыз", – деді Қарағанды облысы ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков.

Биыл наурызда қаңғыбас жануарларды атуға тыйым салатын заң күшіне енді. Талап бойынша ұсталған жануарды емдеп, баптап, босату қажет. Мамандардың айтуынша, оларды күтіп-баптаудың ережелері әзірге бекітілмеген. Ал Ақтоғайдағы қайғылы жағдайға байланысты құзырлы органдардың хабарлауынша, шағым түспегендіктен төбеттің қожайыны жазаланбайды.

Серіктестер жаңалықтары