Қаңтар айындағы ҰБТ-ға өтініш қабылдау 22-30 желтоқсан аралығында өтеді

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
2026 жылы ҰБТ форматы өзгермейді.

Қаңтар айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысу үшін өтініш қабылдау 22 желтоқсанда басталып, 30 желтоқсанға дейін жалғасады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Тіркеу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында немесе UTO мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Ал тестілеудің өзі 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өткізіледі.

Қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ-да шекті балл жинай алмаған талапкерлер, шығармашылық бағыттан басқа білім беру бағдарламаларына немесе педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер қатыса алады. Сонымен қатар өткен жылғы мектеп пен колледж түлектері, шетелде білім алған ҚР азаматтары, ҚР азаматы емес этникалық қазақтар және биыл мектеп бітіретін түлектер де ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ тапсырады.

Өтініш беру кезінде талапкерлер тестілеу өтетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдай алады.

Министрліктің хабарлауынша, 2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады. Тестілеу құрылымы бұрынғыдай: үш міндетті пән және екі бейіндік пән. Барлығы 120 тапсырма беріледі. Оның ішінде:

  • "Қазақстан тарихы" – 20 тапсырма,
  • "Оқу сауаттылығы" – 10 тапсырма,
  • "Математикалық сауаттылық" – 10 тапсырма,
  • екі бейіндік пәннен – әрқайсысы 40 тапсырмадан.

ҰБТ бойынша ең жоғары балл — 140.

Серіктестер жаңалықтары