Тікелей эфир

"Қабырғасы сынып, бауыры ісіп кеткен". Жамбыл облысында әскерге кеткен сарбаз ауруханаға түскен

Сарбаздың ағасы әскери бөлімдегілер дәрігерлер емдей алмаған соң, оны емшіге апарғанын айтады. 

Жамбыл облысында әскерге кеткен сарбаз сегіз айдан кейін ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Жақындарының айтуынша, соққының салдарынан ұлының қабырғасы сынып, бауыры ісіп кеткен, деп хабарлайды "31 арнаның" "Информбюро" ақпарат агенттігі. 

Қазан айында Жамбыл облысындағы 91/678 әскери бөліміне отан алдындағы борышын өтеуге кеткен Ерлан Бекеевтің маусым айының басында ауырып жатқанын туыстары естіген. 

Әуел баста құлап қалдым деген сөзіне сеніп жүре бердік деген Гүлжәмилә Бәйленова кейіннен жағдайының нашар екенін сол жақта тұратын туысынан білген. 

"Үш жылдық контрактідегі сержант баламды ұрған. Басынан тепкен, ішінен тепкен. Баланы сөйтіп қорқытқан. Сенің әлі төрт айың бар, қазір сегіз айын өтедің. Егер айтатын болсаң, қалған төрт айыңда саған азап көрсетемін. Әскери билет бермеймін, сен туралы жамандап жазып берем деп баланы қорқытқан", – дейді сарбаздың анасы Гүлжәмилә Бәйленова. 

Анасының айтуынша, ұлы бапкер болғысы келген, бірақ оқуға түсе алмаған. Әскерге барғандарға оқуға түсу мүмкіндігі бар екенін естіп, өз еркімен борышын өтеуге кеткен. 

Сарбаздың ағасы әскери бөлімдегілер дәрігерлер емдей алмаған соң, оны емшіге апарғанын айтады. 

"Операция жасауға болмайды деп өздері емшіге апарады баланы. Емшіге апарса, миы шайқалған, үш қабырғасы сынған баланың, өті қозғалған, бауыры ісіп тұр деген. Бала жазылмағаннан кейін, баланың жағдайы төмендей бастағаннан кейін Таразға ауыстырады", – дейді сарбаздың ағасы Нұрдәулет Бекеев. 

Жамбыл облысындағы ауруханалардан ем таппаған жандар оны Алматыға ауыстыруға келіседі. Бірақ анасы жағдайы мүшкіл баланы қазір Жаркент пен Алматының арасында ары-бері сүйреп әбден мезі қылғанын айтып отыр. Ас батпаған бала әбден қалжыраған дейді. 

Ал қорғаныс министрлігінің мамандары болса Ерлан Бекеевті ешкім ұрып-соққан жоқ дейді. Тек кезекшілікте тұрған кезде басын ұрып алғанын айтады.

"Қатардағы жауынгер Ерлан Бекеевті ешкім ұрып-соқпаған. Бұл – біріншіден. Осы факті бойынша Тараз горнизоны әскери полиция өкілдері тексеріс өткізді. Тексеріс барысында билігін асыра пайдалану фактісі де болған жоқ. Ұрып-соқпағаны дәлелденді. Себебі компьютерлік томографияға түсіру барысында потологиялық көрініс анықталған жоқ бұл жерде. Кезекшілікте тұрған кезде басын соғып алған деген бар", – дейді Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы басқармасының аға офицері майоры Рахат Тюлюбай. 

Әбден қалжырап жатқан ұлын өз көзімен көрген Гүлжәмилә Бәйленова мұнымен келіспейтіндігін жеткізді. Ешкіммен қақ-соғы жоқ жігітке осыншама қиянат жасағандар заң алдында жауап беруге тиіс дейді.  

Серіктестер жаңалықтары