Тікелей эфир

"Денесінде 80 темір бар". Тағы бір сарбаз әскерден мүгедек болып оралды

Нұрлан Асқарұлы осыдан бір жарым жыл бұрын Маңғыстау облысы Бейнеу ауылындағы 99/116 әскери бөліміне отан алдындағы борышын өтеуге аттанған.

Маңғыстау облысына әскери борышын өтеуге барған алматылық  Нұрлан Асқарұлы мүгедек болып оралды. Он екі мүшесі сау азамат жойқын жарылыстың салдарынан екі саусағынан айырылған. Бұдан бөлек денесінде снарядтың сексенге жуық сынық қалдығы қалған. Соның кесірінен сүйектеріне де зақым келе бастаған, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Нұрлан Асқарұлы осыдан бір жарым жыл бұрын Маңғыстау облысы Бейнеу ауылындағы 99/116 әскери бөліміне отан алдындағы борышын өтеуге аттанған. Өзінің айтуынша, сол кезде Бекет ата полигонында оқу-жаттығудан кейінгі оқ-дәрілерді тазалау туралы бұйрық берілген. Арнайы құралы мен киімі жоқ сарбаздар оны жалаң қолмен жинаған. 

"Біз снаряд теріп жүрген кезде ол (бұйрық берген адам – авт.) телефонда отырды. Бізге жарылмайтынын айтты. Өзі қолымен ұстап көрсетті. Менің оң қолым қатты жарақат алды. Салбырап қалған саусағым кесіп тастады", – деді Нұрлан Асқарұлы.

Полигондағы жарылыстан кейін сарбазға Қылмыстық кодекстің 462-бабының бірінші бөлігімен айып тығылып, Ақтөбе гарнизоны әскери соты 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу туралы жаза тағайындаған.

"Денесінде 80 темір бар. Көп жүрсе, аяғы ісіп кетеді, басқаша айтқанда аяғы шіріп жатыр. Он екі мүшесі сау бала жіберіп, мүгедек бала алып отырғанымызға да көз жұмдық. Бірақ  заңсыз айыпталып отыр ғой", – деді Нұрлан Асқарұлының туысы Назым Өмірбаева. 

Қазір сотталған деген анықтамасы үшін Нұрланды ешбір жер жұмысқа да алмай отыр. Одан қалса мүмкіндігі шектеулі жандардың тізіміне де тіркемеген.


Оқи отырыңыз: "Аяусыз ұрып-соққан". Оралда тағы бір сарбаз психикалық ауруханаға түсті


Ал қорғаныс министрлігі әскери бөлімінің рота командирін кінәлі деп танылып, жәбірленушілермен татуласып, залалдың орнын толтыруына байланысты жауапкершіліктен босатылғанын жеткізді.

"Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 51-бап 4-тармақ 2-тармақшасына сәйкес егер әскери қызметші алған мертігу қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде орын алғаны дәлелденсе, оған бір жолғы өтемақы төленбейді. Ал Сот шешіміне сәйкес, Н. Асқарұлы кінәлі деп танылды. Сол себепті Қорғаныс министрлігінің тарапынан оған материалдық көмек көрсетілген жоқ", – деп жазылған министрліктің ресми жауабында.

21 жастағы Нұрлан Асқарұлы қазір үйінде. Азаматтың жақындары тым болмаса соттылығын алып, мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарына қосуын сұрайды. 

Серіктестер жаңалықтары