Елімізде жол сақшыларына еш себепсіз көліктерді тоқтатып, тексеріс жүргізуіне рұқсат берілуі мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Өйткені кейінгі уақытта ішімдік ішіп, не жүргізуші куәлігі болмаса да рөлге отыратын азаматтар көбейіп кетті дейді Ішкі істер министрлігінің өкілдері. Кесірінен ірі жол апаттары жиілеп, қаншама адам көз жұмған. Сондықтан полицейлер бұрынғыдай қалаған уақытта жүргізушіні тоқтату құзыретін қайтаруды сұрап отыр.
Елімізде кейінгі 8 айдың өзінде жол апатынан қаза тапқан азаматтар саны бір жарым мыңға жуықтаған. Одан бөлек тағы 31 мың адам жарақат алыпты. Қайғылы оқиғалардың 90 пайызы жүргізушілердің кінәсінен дейді министрліктегілер. Шенеунік сол себепті жол сақшылары бұрынғыдай көліктерді еш себепсіз тоқтатып, тексеріс жүргізген дұрыс дейді.
"Біз қазір іс жүзінде жаппай тексеріс жүргізбейміз. Яғни бұрын тәртіп сақшылары демалыс орындары немесе көңіл көтеруге арналған жерде тұрып, көліктерді тоқтатып тексеретін тәжірибе болатын. Ал қазір жүргізушілер жол ережесін бұзған сәтте ғана анықтаймыз. Егер алдын ала тексеріс жүргізсек, оң нәтижесі болатынына сенімдімін", – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.
Министрдің орынбасары жақында Жетісу облысында 10 адамның ажалына әкеп соққан жол апатын мысалға келтірді. Өйткені қайғылы оқиғаға себеп болған көліктің тізгінінде кәмелет жасқа толмаған бала отырған екен. Ал қарапайым жүргізушілер ереже бұзбаса да, полицейлердің көліктерді тексеруі жемқорлыққа жол ашады дейді. Сондықтан көбі жаңашылдықпен келіспейді.
Айта кетейік, бұдан бөлек жауапты ведомство көлік жүргізушілерін дайындайтын мектептер мен электросамокаттарға қатысты заң нормаларын өзгертуді де ұсынып отыр.
USD:
507.5 / 510.9
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.51 / 6.63