Тікелей эфир

Пітір садақасынан жиналған қаржы қайда жұмсалады? ҚМДБ төрағасы жауап берді

Діни басқарма жанында Қаржы ашықтығын қамтамасыз ететін тексеру комиссиясы жұмыс істейді.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұхбатында пітір және підия садақалаларынан түскен қаражат қандай мақсатта жұмсалатынын түсіндірді. Оның айтуынша, жыл сайын Рамазан айы қарсаңында пітір садақасы туралы қилы пікір туын­дап, кейбір кісілер қатаң ой айтып қалады. 

"Шариғат бойынша зекет, пітір, підия садақалары жағдайы жоқ жандарға, жетім-жесірге, қарызға батқандарға, Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға, ақшасы таусылып, жолда қалған мүсәпірлерге беріледі. Халқымызда бағзы заманнан садақаны мешітке беру үрдісі қалыптасқан. Бұл да – сенім. Мешітке берілген садақа шариғат қағидаларына сай қайырымдылыққа жұмсалады. Соның ішінде пітір садақа мешіт тізіміне тіркелген көмекке мұқтаж отбасыларға, жетімдерге, жалғыз­басты аналарға тапсырылады. ҚМДБ жанында Қаржы ашықтығын қамтамасыз ететін тексеру комиссиясы жұмыс істейді. Ол мешітке заттай немесе ақшалай түскен қаражаттың дұрыс мақсатта жұмсалуын қатаң қадағалайды. Халықтан түскен садақаға қиянат жасалуына жол бермейді", – деді бас мүфти. 

Оның түсіндіруінше, қазір мешітке түсетін садақалар онлайн жүзеге асады. "Зекет және қайырымдылық" қорына берілетін зекет те электронды жүйемен орындалады. 

"Өздеріңізге мәлім, пандемия кезіндегі қасиетті Құрбан айтта құрбандық шалу рәсімін онлайн режімде жүзеге асырдық. Осы бағыттағы қаржы ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстары әлі күнге дейін жалғасып келеді", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.


Оқи отырыңыз:


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы Рамазан айындағы пітір садақасының мөлшерін белгіледі. Ол – 640 теңге болып бекітілді. Ал пәдия мөлшері – 3400 теңге. 

Серіктестер жаңалықтары