Төрт жыл бұрын Петропавл әкімдігі қала орталығында жайқалып өсіп тұрған теректерді тамырымен қопарып тастап, оның орнына шетен ағаштарын еккен. Бірақ, көшеттердің көбі көктемей жатып қурап, кейбірі тіпті өліп қалған, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Қала тұрғындары теректерді отаудың дұрыс шешім болмағанын айтады. Олардың сөзінше, көшеттерді еккен соң, ешкім күтім жасамаған.
"Билікке бюджеттің ақшасын игеру ғана маңызды сияқты", – дейді қала тұрғыны Людмила Жукова.
Ал агроном Артур Рязапов жергілікті биліктің қаланы көгалдандыру жөніндегі бағдарламасы құрдымға кеткенін айтады. Өйткені, шетен ағаштарымен бірге егілген шырша мен қарағай талдары да бірінен соң бірі қурап қалған. Маман олардың орнына басқа талдарды отырғызуды ұсынып отыр.
"Мұнда аса күтімді қажет етпейтін талдар егілуі керек. Ал бұл ағаштар минералды тыңайтқыштардың жетіспеуінен құлап жатыр. Сосын бес метрлік ағаштар отырғызған. Әбден өсіп-жетілген ағаш бұл жерде тамырын жая алмайды", – дейді агроном.
Мамандар бір түп шетеннің бағасы кемінде 50 мың теңге болатынын айтады. Ал көше бойына осындай 150 түп отырғызылған. Арна тілшісінің есептеуінше, бұл жұмысқа шамамен 10 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған.
Оқи отырыңыз:
- Алматыда отырғызылған 750 мың ағаштың 20 пайызы қурап қалған
- Алматы облысында 3 млн теңгеге егілген ағаштар қурап қалды
Петропавл қаласы әкімдігінің өкілдері ағаштарды әлі де құтқарып қалуға болатынын айтады.
"Олардың қатты пісіп-жетілуіне байланысты үстіндегі бұталары астына қарай кішкене түсіп кетті. Қазіргі таңда оларды қалпына келтіру бойынша жұмыс жасалып жатыр", – деді қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.
Агрономдардың айтуынша, көлік көп жүретін көшенің жиегіне шетен ағашын отырғызу қате шешім болған. Шырша, қарағай, шетен сияқты ерекше күтімді қажет ететін ағаштарды тек саябақтарда отырғызу керек, дейді олар. Сондықтан, олар биылғы қыстан аман қалған ағаштарды көктемде басқа жерге ауыстырып, күтімін жақсартуды ұсынды.