Алматы облысында өзен жағасына отырғызылған 500 түп қайыңның көп бөлігі қурап кеткен. Тұрғындардың айтуынша, 3 жыл бұрын отырғызылған ағаштар уақыт өте келе қараусыз қалған. Ал әкімдік бұл аумақтың жалға берілгенін айтып, жауапкершіліктен жалтарып отыр, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.
"Сорайған қайыңдарды әкеліп отырғызды. Бұл – қате. Тамыз-шілде айларында қайнаған ыстықта егілді. Сол кезде жігіттерге "Бұл ағашты кеш отырғызып жатырсыңдар. Бұл көктемде немесе күзде қазан-қараша айларында отырғызылатын ағаш", – деді зейнеткер Шашубай Малдыбайұлы.
Әкімдіктегілер өзен жағалауындағы жердің 49 жылға жалға берілгенін айтып ақталды. Тіпті, шенеуніктер жерді жалға алған компанияның жұмысына араласа алмайтынын айтады. Ал 3 млн теңгенің қайыңдарын отырғызған BeyAzh Trans серіктестігі ағаш отырғызбас бұрын мамандардан кеңес алғанын алға тартты. Компанияның өндіріс бөлімінің басшысы қара жерді кінәлады.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында 108 гектар аумаққа егілген мыңдаған тал қурап қалған
"Жобамыз қайта сараптамаға берілді. Жерді ауыстыру немесе басқа ағаш отырғызу керек", – деді BeyAzh Trans ЖШС өндіріс бөлімінің директоры Дәуіржан Сереханов.
Компания басшылығы жобаны биыл күзде бастап, келер жазда аяқтауды жоспарлап отыр. Айтуынша, инвесторлар аумағы 1,36 гектарды қамтитын жобаға қаржы құюға дайын. Ал аумақты көркейтуге қарастырылған қаражат 100 млн теңгеден асады.