Тікелей эфир

Павлодар облысында аналар отбасы институтын нығайтуға мұрындық болып отыр

Фото: Павлодар облысы әкімдігі
Фото: Павлодар облысы әкімдігі
Басқарма өкілі Павлодар облысында отбасы институтын нығайтып, жастарға өнегелі тәрбие беру үшін қандай іс-шаралар ұйымдастырылғанын айтты.

Павлодар облысы Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Темірлан Сәкенов аймақта әйел қауымының жастардың болашақта бақытты отбасы құруына қалай тікелей үлес қосып отырғанын және ұлттық құндылықтарды дәріптеу үшін қандай шаралар ұйымдастырылғанын әңгімеледі. Басқарма өкілінің айтуынша, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен баланың болашағы жарқын болмақ. 

"Биыл Қазақстан әйел құқығын қорғау үшін заң жүзінде нақты қадам жасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр жолдауы мен үндеуінде Ананың ұлтты тәрбиелейтінін, әйелді құрмет тұтқан қоғамның шын мәнінде мәдениетті қоғам екенін айтып келді. Әр үйде отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында облыста жыл сайын түрлі шара мен байқау ұйымдастырылады. Өскелең ұрпақтың озық азамат болып, берекелі отбасын құра алуы үшін оларға бірінші кезекте ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жатырмыз. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу және насихаттау бойынша облыстың Қазақстан халқы Ассамблеясымен "Қоғамдық келісім" коммуналдық мемлекеттік мекемесімен бірлесіп түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіледі. ҚХА жанындағы Аналар кеңесі ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді жаңғыртуға белсене атсалысып, түрлі іс-шаралар арқылы берік және тату отбасын құруға ықпал етеді. Қоғамның ұлттық тәрбиесін жандандыру және ұлттық рухты нығайту мақсатында мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021 жылы 21 қазанда "Мәдениеті ана – Мәдениетті ұлт" жобасын жүзеге асыру басталды. Осы жоба аясында облыстық Аналар кеңесі "Отбасы – тәрбие іргетасы" қазақ ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының фестивалін өткізеді. Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақты ұмыт болған дәстүрлермен таныстыру және қазақ халқының әдет-ғұрыптарының тәрбиелік мәнін түсіндіру", – деді Темірлан Сәкенов.

Іс-шараға 25 жалпы орта білім беру мектебі мен колледж оқушылары қатысқан. Жаңа оқу жылында фестивальді қыркүйек күндері өткізу жоспарланып отыр. Одан басқа, облыстың Аналар кеңесі қалалық, аудандық және ауылдық Аналар кеңестерімен, этномәдени бірлестіктермен бірлесіп ұлттық мәдениетті, озық салт-дәстүрді сақтау және жалғастыру мақсатында "Жігіт сұлтаны", "Келіні жақсы үйдің, керегесі алтын" келіндер байқауы, "Бесікке салу", "Қымызмұрындық" салт-дәстүрлерін көрсету және т.б. көптеген іс-шаралар өткізеді. 


Оқи отырыңыз: 34 500 теңге жәрдемақы: Қазақстанда кәсіби патронат отбасы институты құрылады


Мұнымен қатар, Аналар мен Ақсақалдар кеңесі әскери ұжымдарда әлімжеттік жасалмауына көп көңіл бөліп отыр. 

"Облыс ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесімен "Өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие" жобасы іске асырылады. Жобаның мақсаты – әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды сауықтыруға, Аналар мен Ақсақалдар кеңестерімен бірлескен қызметті ұйымдастыру арқылы жеке құрамның әскери қызмет жағдайларына оң көңіл-күй мен қанағаттануына ықпал ететін жағдайлар жасау. Сондай-ақ, Ақсақалдар кеңесі "Ассамблея жастары" республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық өкілдігінің жастарымен кездесулер өткізіп тұрады. Ағымдағы жылдың басынан бастап Ақсақалдар кеңесімен 12 кездесу мен шығулар ұйымдастырылды", – деп қосты басқарма өкілі. 

Темірлан Сәкенов әртүрлі этностардың жастары арасында мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту және тарату, ұлттық идеяны, рухани бірлік пен этносаралық келісімді нығайту және іске асыру мақсатында Ассамблея жастары жыл сайын облыстың этномәдени бірлестіктерінің жастары арасында мемлекеттік тілде "Әнімді саған арнаймын, Қазақстан" патриоттық әндер фестивалі ұйымдастырылатынын айтты. 

Фото: Павлодар облысы әкімдігі

Мемлекеттік тілді дамытуға арналған "Insta-сөздік" жобасы, "Үйде сөйле" сөйлеу клубы, "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" ұлттық ойындар жарысы өткізіледі. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында Павлодар қаласының Достық үйінде қазақ тілін оқыту бойынша тегін курс жүргізіледі. Курс аптасына екі рет өткізіліп, 15 өзге этнос өкілдерін қамтиды. 


Оқи отырыңыз: Қоғамдық даму институты: Балалардың қауіпсіздігі туралы міндетті пән енгізу керек


"Достық үйінде "Абай мұрасы – халық қазынасы" атты шараға ақынның мұрасын сүйетіндер жиналды. Іс-шараны ұйымдастырушылар "Нұр – Ана әлемі" ҚБ өкілдері Абай Құнанбаевтың өлеңдерін, домбырада ән мен күй орындаған №5512 және 6679 әскери бөлімдері сарбаздарының ақын шығармашылығына деген құрмет пен сүйіспеншілігін атап өтті", – деді Темірлан Жасұланұлы.

Фото: Павлодар облысы әкімдігі

Бұдан өзге Павлодар облысында Ұлттық Ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған мерекелік шара өткен. Павлодар қаласында ғылыми-практикалық конференция өтіп, Ұлы ғалымның ескерткішіне гүл шоқтары қойылған. Қаныш Имантайұлының туған жері Баянауыл ауданында этноқалашық орнатылып, кітаптың тұсаукесері, республикалық айтыс және ат жарыстары ұйымдастырылған. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады


"Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Достық үйінде өңірдің Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктері мен құрылымдық бөлімшелерінің өкілдерін біріктіріп, үлкен жарқын іс-шараға айналған "Қазақша ән саламыз" атты жобасының тұсауы кесілді. Жоба барысында Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесі мүшелерінің, этномәдени бірлестіктері өкілдерінің жанды дауыспен шырқаған қазақша әндері көрермендердің құлағынан өтіп, жүректеріне жетті.  Әндер караоке арқылы үш бағытта орындалды: "Халық әндері", "Қазақ композиторлар әндері", "Заманауи әндер". Аталған шара музыканың шын мәнінде адамдарды біріктіріп, әртүрлі мәдениеттер мен этностардың арасында ажырамас байланыс жасайтынын көрсетті. Мемлекетіміздің көрнекті қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына орай қазақ тілінде жалпықазақстандық ашық диктант өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының №5512 және 6679 әскери бөлімдерінің сарбаздары, Павлодар облысы ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері, этно-мәдени бірлестіктердің және "Қоғамдық келісім" КММ қызметкерлері қатысты", – деп қосты Темірлан Жасұланұлы. 

Фото: Павлодар облысы әкімдігі

Сондай-ақ, Темірлан Сәкенов аймақта барлық салада гендерлік теңдік орнатып, демографиялық ахуалды жақсарта түсуге ерекше көңіл бөлінетінін айтты. 

Серіктестер жаңалықтары