Өзбектің дәстүрлі "Әндіжан полькасы" биі әлемдегі ең көп адам қатысқан ұлттық би ретінде Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде енгізілді, деп хабарлады Uzdaily.uz.
Рекорд Өзбекстанның Әндіжан қаласындағы "Бабур Арена" стадионында орнатылды. Аталған шара барысында 20 мың адам бір мезетте "Әндіжан полькасын" билеп, әлемдік жетістікке қол жеткізді.
Іс-шараға Гиннестің рекордтар кітабы ұйымының ресми өкілі арнайы қатысып, қойылымның барлық талаптарға сай өткенін растады. Осыдан кейін рекорд ресми түрде тіркелді.
Айта кетейік, бұл тарихи оқиға Әндіжан қаласының 2026 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланған күні өтті.
"Әндіжан полькасы" – Өзбекстанның танымал халық билерінің бірі. Би өзіне тән жылдам ырғағымен және қол қимылдарының мәнерлілігімен ерекшеленеді. Бастапқыда оны негізінен ер адамдар орындағанымен, уақыт өте келе әйелдер арасында да кеңінен таралған.
Әндіжан – Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Ферғана аңғарының шығыс бөлігінде орналасқан шаһардың тарихы шамамен 2,5 мың жылға созылады.

