Өзбекстанда халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы тұрақты өсіп келеді. Ұлттық статистика комитетінің ресми демографиялық есебіне сәйкес,
2025 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанда халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 75,4 жасқа жетті. Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері өзбекстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 9 жылға артқан. Бұл туралы елдің Ұлттық статистика комитетінің ресми демографиялық есебінде жазылған.
Комитеттің статистикалық деректеріне сәйкес, 1991 жылы орташа өмір сүру ұзақтығы 66,4 жасты құраған. 1995 жылы бұл көрсеткіш 69,1 жасқа дейін өссе, 2000 жылы алғаш рет 70 жылдан асып, 70,8 жасқа жетті.
Кейінгі жылдары да өсім сақталды. 2005 жылы орташа өмір сүру ұзақтығы 71,8 жас болса, 2010 жылы – 73 жасқа, ал 2015 жылы 73,6 жасқа жеткен.
2020 жылы Covid-19 пандемиясының әсерінен көрсеткіш аздап төмендеп, 73,4 жасты құрады. Алайда кейінгі кезеңде өсім қайта жалғасып, 2024 жылы орташа өмір сүру ұзақтығы 75,1 жасқа дейін көтерілді.
Ал 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 75,4 жасқа жетіп, Өзбекстан тарихындағы ең жоғары деңгей ретінде тіркелді.

