Женевада өткен World Dog Show – 2023 байқауында қазақы тазы тұқымдас екі ит жоғары нәтижеге жетті. Тұмар атты тазы "Өз тұқымындағы үздік" және "Женевадағы Әлем кубогының жеңімпазы" атанды. Ал Вангелия – Әлем кубогындағы "Үздік ардагер" әрі "Ұрғашы иттер арасындағы үздік" деп танылды, деп хабарлайды ҚР ПІБ баспасөз қызметі.
Қазақстаннан барған тазылар мойындалмаған ит тұқымдары тобында сынға түскен болатын.
"Менің міндетім күш-қуаты толысқан, дені сау тазыларды өсіріп, халықаралық көрмелерге апару, елімізде шыққан төлтума ит тұқымын әлемге таныту болды", – деді кинолог Елена Хардина.
Кинологтың айтуынша, Щвейцариядағы сайыста Ресейде шығарылып, Италияда өсірілген иттер қазақстандық тазылардың басты қарсыласы болған.
Оқи отырыңыз: "Қазақ тонын төсеп, төріне шығарған": Әлемге таралған тазыны қашан дүние жүзі мойындайды?
World Dog Show – 2023 Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) Бас Ассамблеясының отырысы аясында өткенін айта кетейік. Осы алқалы жиында Қазақстан кинологтары одағы FCI-дың толыққұқылы мүшесі деп танылды. Яғни Қазақстан кинологтары одағы тазы мен төбетті қазақы төлтума ит тұқымдары ретінде Халықаралық кинологиялық федерацияға тіркетуге өтініш беру құқығын иеленіп отыр.
Оқи отырыңыз: Тазы мен төбеттің қазақы ит тұқымдары екенін халықаралық тұрғыда ресми бекіту қажет – Кинологтар одағы