Тікелей эфир

"Қазақ тонын төсеп, төріне шығарған": Әлемге таралған тазыны қашан дүние жүзі мойындайды?

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
40 жыл бойы тазы асырап келе жатқан Айбол Алпысбаевпен сұхбат.

Аң аулап, құс салып серуен құрған қазақ халқы аңшылыққа бейім иттерді "тазы" деп атап, оларды жарғақ құлақ және шашақ құлақ деп екіге бөлген. Ал тұқымына қарай дүрегей тазы, қайың қаптал тазы, құ­май тазы, құны тазы деп атаған. Мұнымен қатар, таралу аймағына қарай Сібір тазысы, Түркістан тазысы, Самарқан тазысы, Жем бойы не­месе атыраулық тазы деп қарастырған.

Жуырда осы ертеден келе жатқан тазы түрлерін сақтап, оны әлемге мойындату бағытындағы жұмыстарды жалғастыру үшін қазақы ит тұқымдарының стандарты бекітілді. Осы орайда Қазақстан кинологтар одағында тазыны халықаралық деңгейде мойындату жұмыстарын жүргізетін комиссия мүшесі Айбол Алпысбаев қазақы тазының басты ерекшеліктері, FCI арқылы тазыны мойындату және ит жарыстар туралы әңгімеледі. 

– Қазақ тазысының шығу тегі қандай?

– Қазақтың тазыны бұрыннан ұстағанын батырлық эпостардан-ақ білуге болады. Екіншіден, жеті қазынаға жай ит емес, тазы, оның ішінде құмай тазы кірген. Батырларымыз қай жерге барса да, тазымен жүретін болған. Тазы оларды азықпен қамтамасыз еткен. Қазақтың негізін қалаған мемлекеттердің әскері Түркия, Сирия, Ауғанстан, Үндістан жеріне дейін барып биледі. Сонда қазақтың тазысы да сол аймақтарда таралды деп ойлаймын.


Оқи отырыңыз: Төбеттің бес ерекшелігі қандай және оларды неге ит төбелесіне қатыстырмайды? Сұхбат


Фото: Informburo / Тимур Батыршин

– Қазақстанның әр өңіріндегі тазыларда айырмашылық бар ма?

– Бұрын арғынның көк қасқасы, сары қасқасы деген секілді тұқымдары болатын. Оңтүстіктегі тазылардың сүйегі жұқа, бойы аласа, жүні тықыр келсе, солтүстікте керісінше жүні қалың болып келеді. Ал Жетісудың тазылары тым бөлек. Батыста жарғақ тазы көп болады. Сексенінші жылдары шашақ түрін көрген таныстарым "Тазы деген осындай бола ма? Менің атамдыкі басқаша еді" деп қатты таң қалатын. 

– Өзіңіз қанша жылдан бері тазы асырап келесіз және қазақы тазыны әлемге мойындату жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Тазы асырап келе жатқаныма 40 жылдан асты. 1989 жылдан бері тұқымын үзбей ұстап келе жатырмын. Дәл қазір кинологтар ретінде біздің мақсатымыз – жүзге жуық мемлекет мүше болып отырған FCI халықаралық ұйымында қазақтың тазысы мен төбетін тіркеу. Осылайша, қазақтың атадан балаға қалып келе жатқан мұрасын сақтап қалмақпыз. Жуырда Қазақстан кинологтар қауымдастығына жаңа басшы келді және президенттің қолдауымен үлкен қаражат бөлінді. Осының бәрі тоқтап тұрған жұмысты орнынан қозғайтыны сөзсіз. 


Оқи отырыңыз: Қазақы тазы мен төбеттің стандарты әзірленді


Фото: Informburo / Тимур Батыршин

– Есеп бойынша қазір Қазақстанда қанша тазы бар?

– Қазақстанда тазыны сақтап қалуға үлес қосқысы келетін ұйымдар көп. Алайда, олардың әрқайсы санақты өз бетінше жүргізеді. Нақты санын анықтау үшін осы есептердің басын біріктіру қажет. Меніңше, Қазақстан бойынша 5-6 мың тазы бар. Көп жерде 100-150 деген болжам айтылып жүр. Алайда, Қаройда ұйымдастырылған жарыстың өзіне Алматы облысынан 150 шақты тазыны әкеліп отыр. Дегенмен, сол мыңдаған тазының ішінен таза қандыларын бөліп алуымыз керек. FCI қазақы тазыны мойындауы үшін иттің үш ұрпағы бір-бірімен қиыспауы қажет. 

Фото: Informburo / Тимур Батыршин

– Қазақы тазының өзіне ғана тән ерекшеліктері қандай?

– Тазының ең басты ерекшелігі – тазалығы, ешқашан жатқан жерінде дәрет сындырмайды. Тіпті, жеген тамағы төгіліп қалса, оны жерге көміп қояды. Екінші қасиеті – адамға, әсіресе балаға жақын келеді, тез бауыр басады. Үшіншісі – зекіп қойсаң, адам секілді өкпелеп жүреді. Сөйлей алмайтыны ғана болмаса, адамға ұқсайтынына таң қаласың. Жуынды жемейді, қазақ үйде ұстаған деп айтып жатады. Қиналып кетсе, оны да жейтін шығар. Бірақ, тамаққа келгенде талғампаз екені рас. Нағашы атам ұрғашы тазысын төрге шығарып, астына тонын төсеп беретін. Тазысы тамақ ішіп отырғанда дастарханға басын бұрмайтын болған екен. Мұның бәрі оның асыл тұқымды ит екенін білдіреді. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығы құрылады


– Аңға салғанда қалай өзгереді?

– Бір қарағанда тазы жуас, нәзік болып көрінеді. Ештеңеге шамасы келмейтін сияқты. Ал өмірде аңға салсаңыз, айбатты, күшті аңшы болып шыға келеді. Өзінен бірнеше есе үлкен аңдарды да аулайды. Қазақта "Бүркіт өзі үшін, тазы иесі үшін аулайды" деген сөз бар. Тазы расымен тапқанын иесіне алып келеді. Кейде тазыны үлкен алабай секілді иттермен төбелестіріп жатады. Денесінің нәзік екеніне қарамастан, соларды жеңіп кетеді. Бірақ, өзім ит төбелесін өткізуге қарсымын. 

Фото: Informburo / Тимур Батыршин

– Қазақстанда курсинг, рейсинг өткізіле ме?

– Ит жарыстың бұл түрлері бізге Еуропадан келді. Қазақта оны "шырға тарту" деп атайды және ол бізде бұрыннан бар. Шыбықтың ұшына жіппен түлкінің құйрығын байлап қойып, күшіктерді соңынан жүгіртетін. Ал Еуропада мұны көлікпен жасайды, яғни көліктің артына түлкінің терісін байлап, кейін тазылар соны қуады. Рейсинг кезінде тазылар тура жодың бойымен жүгірсе, курсинг кезінде қиғаштап, аңның соңынан қуғандай болады. Осындай жарыстарда ағылшындардың тазысы – грейхаундтар ары кетсе 700 метрге дейін жүгіреді. Ал біздің тазылар бір-екі километр қашықтықты оңай еңсереді. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда қазақы ит тұқымдарының стандарты бекітілді


Фото: Informburo / Тимур Батыршин

– Бұған дейін тазы федерациясын құру туралы мәселе көтерілді. Қашан құрылады?

– Әзірге құрылып болмады, ҚКҚ осымен айналысып жатыр. Алайда, Астанада 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тазы федерациясы бар. Болат Мизамбаев, Саят Сембаев секілді азаматтар негізгі жұмыстарды жүргізіп отыр. Мұнымен қатар, Көкшетауда "Тазы – төбет – бөрібасар" деген ұйым бар. Енді осы ұйымдардың бәрін біріктіретін басты федерация керек. 

Фото: Informburo / Тимур Батыршин

– Шетелде де тазылар бар, дегенмен шетелдіктер тарапынан қазақы тазыға сұраныс жоғары ма?

– 80-90-жылдары тазы өте сирек кездескен заманда шетелдіктер тарапынан сұраныс жоғары болды. Қазір көбінесе Венгрия, Германия, Польша және Финляндия секілді мемлекеттердің адамдары бізден тазы алады. Түркияда Мұрат Мансұров деген бауырымыз да тазыларды асырап, тұқымын дамытуға үлес қосып отыр. Қазір бізде тазы санына қатысты айтарлықтай мәселе жоқ, басты жұмысымыз – қазақы тазыны анықтап, сапасын көтеру болып тұр. 

Серіктестер жаңалықтары