Тікелей эфир

Отыз жылда теңге долларға шаққанда қанша есе құлдырады

Арифметикалық есептеу бойынша, теңге айналымға енгеннен бері доллар 98 есе қымбаттаған.

1993 жылы 15 қарашада теңге қолданысқа енгізілген кезде 1 доллардың бағамы 4 теңге 70 тиын деп белгіленді. Отыз жылдан кейін, яғни бүгін доллардың теңгеге шаққандағы ресми бағамы 463,65 теңгені құрады. Арифметикалық есептеу бойынша, 30 жылда доллар құны 98 есе өскен.

  • Теңге 1994 жылдың басында құнсыздана бастады. Бұл уақытта теңге шамамен 12 есе құнсызданып, бір доллардың бағасы 54 теңгеден асқан болатын.
  • 1999 жылы сәуірде теңге құны бұрынғымен салыстырғанда 64,6 пайызға құнсызданып, елде бірінші рет девальвация болды. Теңгенің бір долларға шаққандағы құны 138 теңге 25 тиынға түсті.
  • 2002 жылы бір доллардың бағасы 156 теңгеге жуықтады.
  • Ал 2003 жылдан бастап теңгенің құны арта бастады. 2007 жылы доллардың құны 120 теңге 30 тиынға дейін түсті.
  • 2009 жылы теңге 25 пайызға құнсызданып, екінші девальвация болды. Доллар құны 150 теңге көлемінде бекітілді.
  • 2014 жылдың ақпанында елде үшінші девальвация тіркелді. Бұл жолы 1 доллар 185 теңгеге дейін өсті.
  • 2015 жылдың тамызында Ұлттық банк теңгені еркін айналымға жіберу туралы шешімге келді. Валюта бір күнде 35,5 пайыз құнсызданып, бір доллар 188-255 теңгеге дейін бағаланды.
  • 2019 жылы 1 доллар бағамы 382,75 теңге болды.
  • 2020 жылы 1 доллар 424,53 теңгеге өсті.
  • 2022 жылы наурызда 1 доллар бағамы 520 теңгеге жетті. Бұл рекордты көрсеткіш еді. Мамырда доллар бағамы 430 теңгеге дейін түсіп, маусымда 480 теңгеден асып кетті.
  • 2023 жылы 28 қыркүйекте 1 доллар бағамы 482,77 теңгені құрады. Бұл биылғы ең жоғарғы көрсеткіш.

Видео: Ұлттық банк


Оқи отырыңыз: Тест: Теңгенің тарихын жақсы білесіз бе?


Тарихқа көз жүгіртсек, 1993 жылдың 12 қарашасында "ҚР ұлттық валютасын енгізу туралы" жарлық шықты. 1993 жылы 15 қарашада теңге айналымға енді. Қазақстанда ақша басатын фабрика болмағандықтан алғашқы банкноттар Лондондағы Harrison & Sons фабрикасында шығарылды. Қазақстан ақшасы Ұлыбритания патшайымының Алтын белгісіне ие болды.

Қазақстанның өз монета сарайы болмағандықтан қағаз тиындар басылды. 1994 жылы олардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Қазір банкноттар Ұлттық банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.

1993 жылдан бері теңгенің төрт сериясы басылды: "Портреттер", "әл-Фараби", "Бәйтерек" және "Самұрық". Қазір айналымдағы қағаз банкноттар – 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10 000 және 20 000 теңге, тиындар – 1-2-5-10-20-50, 100 және 200 теңге.


Оқи отырыңыз: Қазақ теңгесінде қандай тарихи тұлғалар бейнеленді? Шолу


Теңгенің қорғаныс дәрежесі әртүрлі. Аз ақша бірлігінде қорғаныс белгілері де аз. Мысалы, 200 теңгенің қорғанысы 10 мың теңгеден әлсіз. Соңғы шыққан банкноттарда суреттердің бедерлігі, сутаңба, бояулардың металл жылтырлығы, өлшемі әртүрлі сандар, ультрафиолет қорғанысы, сериялық нөмірлер, сәйкес кескіндер секілді 18 қорғаныс дәрежесі бар.

Ұлттық банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. Еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға тең деп бекітілді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары