Түркістан облысындағы ортағасырлық Отырар қаласынан Алтын Орда дәуіріне, XIII ғасырдың екінші жартысы мен XIV ғасырға тиесілі мешіттің орны табылды, деп хабарлады Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Отырарда XV, XVI және XVII ғасырлардың мешіттері табылған. Жаңа нысан солардың барлығынан ерте, яғни бүгінге дейін Отырардан анықталған ең көне мешіт болып отыр. Бұған қоса археологтар Отырардың қазба тарихында бұрын кездеспеген тас төселген көше тапты.
2025 жылы экспедиция Отырардың рабад бөлігінен екі бөлмесінде де михрабы бар тұрғын үй кешенін тапты – екі михрабтың да бағыты Меккеге, құбылаға қаратылған, бұл үй салынған кезден-ақ ескерілген. Ғылыми әдебиетте бұған дейін Орталық Азия аумағында тұрғын үй ішінен михраб табылғаны тіркелмеген. Мерзімін нақтылау үшін тандыр ішінен алынған ағаш күлі Түркиядағы зертханаға жіберіліп, радиокөміртекті талдау нәтижесінде кешеннің VIII ғасырдың ортасына тиесілі екені анықталды.
Биылғы далалық маусым Отырардың шахристан бөлігінде 2026 жылғы 1 маусымда басталып, шілденің аяғына дейін жалғасты. Экспедиция мүшесі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Археология ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, доцент Бақдәулет Сыздықовтың айтуынша, ауданы 100 шаршы метр (10×10 метр) қазба орнында репер нүктесінен есептегенде 3,5 метр тереңдікке дейін қазба жүргізіліп, бес құрылыс кезеңіне жататын қабаттар анықталды.
Жоғарғы қабаттардан тұрғын үй мен шаруашылық бөлмелері, құмыра күйдіретін пеш орындары, қыш төселген көшелер шықты. Төртінші қабаттан дахма үлгісіндегі ұжымдық жерлеу орны ашылды. Мұндай жерлеу түрінің аналогтары Самарқандтағы Шайбанилер әулетінің жерлеу орындарынан белгілі. Ал ең төменгі, бесінші қабаттан Алтын Орда кезеңіне тиесілі мешіттің қабырғалары мен соған алып келетін тас көше табылды.
"Ғимараттың мешіт екенін көрсететін бірнеше белгі бар. Бірінші белгісі – ашылған қабырғалардың бағыты михраб жасалатын бағытпен, құбылаға қаратып салынған, мұны азимут өлшемі растайды. Екінші белгісі – ғимараттың ішінен және айналасынан мұсылмандық жерлеу орындары көп анықталды. Алтын Орда дәуірінде мешіттердің ішіне және сыртына адамдар жерлейтін болған. Алтын Орда дәуірінің қалаларында мешіт маңына адам жерлегені басқа зерттеулерде де тіркелген. Үшіншіден, мешіттің маңыздылығын көрсететін нәрсе – ғимараттың есігіне дейін таудан арнайы әкелінген үлкен тастармен көше төселген. Әйтпесе, барлық жерде үлкен таудың тасынан көше жасай бермейді", – деді жоба жетекшісі, профессор Мұхтар Қожа.
Табылған сүйектерден антропологиялық және генетикалық зерттеулерге сынама алынып, зерттеу аяқталған соң олар жақын маңдағы зиратқа қайта жерленеді.
Ғалымдар Ақ-Ирий қалашығынан Алтын Орда дәуіріне қатысты жаңа деректер тапты
Алтын Ордаға қатысты халықаралық архив құжаттары алғаш рет көрмеге қойылды